Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында еліміздегі көп сериалды алғашқы фильм Оңтүстікте түсірілді. Облыс әкімдігінің тапсырысы негізінде «САҚ» киностудиясы түсірген «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериалы тарихи-танымдық кинохикаяның тұсаукесері «Shymkent plaza» ойын-сауық — сауда орталығында өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген басымдықтар бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясымен «Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты үш анимациялық фильм мен «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериалы телехикая түсірілді.
Фильмнің көрсетіліміне «Қазақфильм» киностудиясының және «Қазақстан аниматорлар» қауымдастығының өкілі, облыстағы зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері және шығармашылық топ қатысты.
Облыстың туризм саласын дамытуға, әсем табиғаты мен киелі жерлерін және достық пен татулықты насихаттайтын телесериалдың таныстырылымына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ұлттық құндылығымызды дәріптейтін туындыларды әрдайым қолдайтынын атап өтті.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткен, туған елге деген сүйіспеншілікті, еліміздің әсем табиғаты мен киелі жерлерін насихаттау, ұлттық рухымызды бойымызға сіңіру мақсатында түсірілген анимациялық фильмнің басты идеясы — жастарға өнеге, үлгі болатын тұлғалардың өмірін насихаттау, қазақ халқының мақтанышына айналған балуан бабамыздың ерліктерін паш ету. Өскелең ұрпақтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, патриоттыққа тәрбиелеу. Жалпы, біз өз мәдениетімізді, ұлтық ерекшелігіміз бен терең тарихымызды келер ұрпаққа сіңіру үшін осындай фильмдерді көптеп шығаруымыз қажет! Оңтүстік Қазақстан өңірінің бұл бағытта тың қадамдар жасап жатқаны, Елбасымыздың айтып жүрген ұлттық санамыздың қалыптасуына, ұлттық кодымыздың сақталуына үлкен үлесін қосары анық. Бүгінгі кино көрермендердің жүрегіне жол табатынына сенімім мол!, — деді әкім.
Осы ретте туындының режиссері Нуриддин Пәттеев «САҚ» киностудиясы атынан және бүкіл Қазақстан киногерлерінің атынан шын ризашылығын білдіріп, естелікке кинодағы оқиғаны өрбіткен көне жетігенді табыс етті.
Бұл жобалар Оңтүстік өңірінің ғана емес, еліміздің кино және анимация саласы бойынша айтулы туындылар қатарына кірері сөзсіз.Оңтүстік Қазақстан облысының имиджін көтеріп, тарихын жаңғыртып, туризмін дамытуға бағытталған «Көне жетігіннің сыры» атты 10 сериялы киножобасы республикалық арналардан көрсетілетін болады.
Фильмнің басты мақсаты өңірдегі Түркістан, Арыстан баб, Отырар, Сауран, Сайрам секілді көне жерлер мен Ақсу-Жабағылы қорығы, Қазығұрт тауы, Өгем табиғи қорығы секілді табиғаты әсем жерлерді көрсетіп, рухымызды жаңғырту, тарихты ұғындыру арқылы елжандылыққа тәрбиелеу және өңірдің туризм саласын дамыту болып табылады.
Фильм Оңтүстік Қазақстан облысында жол жөндеу жұмысымен айналысып жатқан эксковаторшылардың кездейсоқ көне жетіген аспабын тауып алу сәтінен бастау алады. Ішектері мен асықтары жоқ бұл аспаптың сыртқы бетінен ескі көне түркі әріптерімен жазылған жазудың іздері көрінеді. Фильмнің басты кейіпкері — өнер академиясының студенті Самал бұл хабарды естіп, жетігенмен тереңірек танысу үшін арнай Шымкентке келеді. Жетігенді табуға оның жігіті Нұржан көмектеседі. Ал Айдардың досы археолог Жандос сол Жетігендегі көне жазуларды оқып, құпиясын ашады. Сол сәттен бастап олардың өмірінде шым-шытырық, хикаяға толы оқиғалар басталып кетеді. Өйткені жетігенді өзге де теріс пиғылды жандар іздеп келген болатын.
Еске сала кетейік, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде өткен Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері аясында қазақтың намысын, рухын және қара күшін бүкіл әлемге танытқан Қажымұқан атамыздың өміріне арналған «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсауы кесілген болатын. Ал, «Отырарды қорғау» анимациялық фильмі келер жылдың басында жарыққа шығады деп жоспарлануда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі