Егістікті мал жайпап жүр

596

Жер күзетеміз бе, егіс егеміз бе? Шымкенттік диқандар төрт аяқтыларды қарауылдап, шаруасына кірісе алмай жүр. Арнамызға шағымданған мәртөбеліктер «көршілес елдімекендерден келіп жайылатын мал егістігімізден түк қоймай жайпап барады», – деп ашынды. Жылдар бойы арпалысқа түсіп жатсақ та, полицейлерден пәрмен болмай тұр деп шағынды шаруалар.

Бұл өткен жылдың мамыр айында түсірілген кадрлар. Онда шаруалар үйір жылқыдан жайқалып тұрған егістіктерін қоруылдап жүр. «Қамбар ата» төлі әуреге түсірген шаруалар биыл егін салуға да құлықсыздық танытып отыр. Себебі, «жылда егін егеміз, бірақ төккен тер ақталмайды», – деп ашынады дихандар.

Айдын Азизов төрағалық ететін шаруа қожалығы биыл да тәуекелге барып отыр. 250 гектарға бидай, мақсары дақылдарын еккен диқандардың айтуынша, көктем шықпай жатып, көршілес елдімекендерден ағылған малдармен күресіп әлекке түскен.

Бұл мәселе бұған дейін де талай жиында көтерілді. Ауыл биі Оразәлі Кенжебеков жуырда жайылымдық жер болмағандықтан егістікке бет алатын малға шара көру жәйін Қаратау ауданы әкімінің есебінде де жеткізген болатын.

Қаратау ауданына қарасты 700 гектарды алып жатқан бұл егістікте жүздеген тұрғынның үлесі бар. Ауыл биінің айтуынша, соңғы 3-4 жылда мәселенің күрделенгені сонша, олар өздеріне тиесілі нәпақаларынан қағылуда. Осының бәрі учаскелік полицейге жазылған арыз-шағымдарда да келтірілді.

Аудан басшылығы мәселеге қанық. Ең қызығы, мәселені шешу өз құзыретіне кірмейтініне сенімді. Проблема турасында аудандық полиция бөліміне де арыз-шағым түсірілген. Жыл бұрын олар мал иелерін анықтап, түсіндіру жұмыстарының жүргізілетінін айтқан болатын.

Алайда, баяғы жартас сол жартас. Оның үстіне, тәртіп сақшылары өтініш иесіне «қылмыстық құрамы болмауына және Азаматтық іс түрінде сотта қаралуына байланысты ПБ-і кезекшіліктен тыс қалдырылуын сұранған» баянхат жолдапты. Яғни, соңғы нүктені сот органдары қоюы тиіс. Өкініштісі, егістік аумағынан жылдан-жылға шаруалардың қарасы сиреп барады.

Мақпал Рысбаева