Мал ұрлығы өршіп тұр

561

Шымкенттің полицейлері жергілікті тұрғындармен мал ұрлығының алдын алу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шымкент қ. әл-Фараби аудандық ІІБ қызметкерлері мал ұрлығы және басқа да құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында әңгімелесті. Жұмыс қорытындысымен таныстырып өтті.

Былтырғы жылы аталған аудан аумағында 5 мал ұрлығы тіркелген. Мәселен, 2017 жылдың ақпан айында 30 жастағы жергілікті тұрғын шағымданған. «Сәуле» шағынауданында тұратын оның ауласынан ұрылар 350 мың теңгеге бағаланатын сиырын айдап әкеткен. Жергілікті полиция қызметкерлері жедел іс шараларының нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғынын, яғни күдіктіні қолға түсірген.

Тәжірбие дәлелдегендей, мал ұрлығының дені тұрғындардың өз бейғамдығынан орын алады. Малды қараусыз қалдыру, ен тақпау сынды қарапайым сақтық шараларын сақтай бермейді екен. Мал жоғалғанның өзінде ең алдымен тәртіп сақшыларына хабар берудің орнына, өз беттерімен іздеуге кіріседі.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында Әл-Фараби аудандық ІІБ тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын қолға алған. Мал сою бекеттерінде де мұндай шаралар жүргізіліп, заңсыз мал тасымалының алдын алу мақсатында көліктер тексеруден өткізіледі.

Тәртіп сақшылары аудан халқымен кездесуде тұрғындардың басқа да сұрақтарына жауап берді. Полицейлер өз мүлкіңізге мұқият еге боп, қауіпсіздік  шараларын сақтауға шақырады.