Оңтүстік Қазақстан облысының геология зерттеу нысанында үш көлік бірдей жанып кетті. Өңірдің төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Созақ ауданының Таукент елді мекенінде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өрт «Волковгеология» АҚ-ға қарасты жалпы көлемі 600 шаршы метр болатын «ГРЭ-5» темір гаражында орын алған. Гараждың ішіндегі«КамАЗ» автоцистернасы, «Паз» автобусы және экскаватор жанып кеткен. Өрттің салдарынан гараж майысып, зақымданған. Жалынды ауыздықтауға 8 өрт сөндіру қызметкері мен 2 техника жұмылдырылып, түнгі 00:20-да толық сөндірілді.
Аталған аудандағы тағы бір төтенше жағдай Қарағұр ауылында болды. Тұрғын үйдің ауласында орман шаруашылығына тиесілі мемлекеттік нөмірі 02 DZA 91 тіркемелі вагонның ішінде газ-ауа қоспасынан жарылыс болып, салдарынан 45 және 68 жастағы инспекторлар күйіп қалды. Қазіргі таңда екеуі де Созақ аудандық орталық ауруханасына жатқызылған, жағдайлары орташа деңгейде.