Яссауидің еш жерде жарияланбаған тың қолжазбасы табылды

857

Қожа Ахмет Яссауидің еш жерде жарияланбаған кітабы табылды. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы Яссауи мектебінің 475 беттік мұрасын сайрамдық белгілі тарихшы, «Тұран» ғылым академиясының академигі Мирахмад Мирхалдарұлының қолжазбалар қорында сақталыпты.

Құнды қолжазба қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Оңтүстік Қазақстан облысының жобалық кеңсесі «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында табылып отыр. Аталған кеңсе көне тарихтан сыр шертетін орта ғасырлық құнды жазба мұраларымызды зерттеуге бағытталған «Бабалар мұрасы ізімен» жобасын қолға алған болатын. Сол құнды жәдігерлердің бірегейі саналатын Яссауидің хикметтері бұрын қазақ тілінде жарияланбағаны дәлелденіп отыр.

«Рухани тамырдан нәр алып, тарихты тану, ұлттық болмысқа бет бұру Яссауи хикметтерінен бастау алады. XII-ғасырда өмір сүрген Яссауидің мұрасы XVI-шы ғасырдан бастап жарыққа шыққан. 4 мыңнан астам хикметтерінен 155-тен астамы бүгінге жеткен»-дейді ғалымдар.

Төрәлі Қыдыр, ф.ғ.к., шығыстанушы: «Яссауи мұраларын зерттеудегі басты мәселе – түпнұсқа қолжазбаларының сақталмауы. Бізге жеткен ең көне қолжазба Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы музейде сақтаулы. Оның өзі мынадай қолжазба емес.  Төрт-ақ қатар өлең».

Бұған дейін Яссауи мұрасы бірнеше рет қазақ тіліне аударылған. Бірақ барлығы да қолжазба күйінде емес, литографиядан аударылған. Сондықтан да бүгінгі сүйінші жаңалықтың маңызы ерекше. Өйткені, сайрамдықтар сақтап келген кітап литография емес, қолжазба.

475 беттен тұратын қолжазбаны сайрамдық тарихшы, академик Мирахмад Мирхалдарұлының қорында сақталған. Бүгін құнды жәдігерді білікті мамандар қолына әкеп тапсырған академиктің ұрпағы әке жолын жалғастырмақ ниетте екендіктерін білдірді.

Миралим Мирхалдаров, академик М.Мирхалдарұлының баласы: «Әкем 40 жыл бойында Сайрам мұражайын басқарды. Осы уақыт аралығында тарихтан тың деректер іздеумен болды. Көне жәдігер, ескі қолжазбаларды үйме-үй аралап, сыйлыққа алып, бүгінге дейін сақтады»

Өткеннің өшкеніне от беріп, тарихтың жаңа дерегін ұсынар бұл қолжазба ғылыми нұсқаға түспеген тың дүние. Мұны ғалымдар Яссауи мектебінің мұрасы деп бағалап үлгерді. Төрәлі ҚЫДЫР, ф.ғ.к., шығыстанушы: «Бұл мен үшін де жаңалық болды. Естігеніммен енді қолыма тиді. Енді зерделеп, қай ғасырға тиесілі екендігін анықтаймыз. Байқағаным, XVIII ғасырдан ары сияқты. Мүмкін, XVI ғасырдан ары уақытқа тиесілі болуы да мүмкін. Олай болса, бүкіл түркі әлемі үшін үлкен жаңалық болар еді. Айта кетейін, бұл Яссауи шығармаларының жинағы емес, Яссауи мектебі шығармаларының жиынтығы. Қолжазбада басқа да авторлардың туындылары бар».

Жанар Есенбекова