Жуырда жөнделген жол қырық жамау. Шымкенттегі А. Байтұрсынов көшесі көлік жүргізушілеріне қолайсыздық туғызуда. Шаһардағы жол қозғалысы көп бұл аумақта жаз бойына жылу магистральді құбырлары ауыстырылып, асфальт қалпына келтірілген болатын. Содан бері жарты жыл өтпей жатып, жол сыр берді. Сапасыз жұмысқа кім кінәлі?
Ала-құла болып жатқан бұл жолды жазда ғана жөнделген деуге келмейді. Құрылысы бірер айға жалғасқан нысан әлден жамалып жатыр. Шұрық тесік болған асфальтті мердігерлер топырақпен жамап-жасқап әуреге түскен. Алайда жауын-шашын төселген тасты жан-жаққа ыдыратып, әрлі-берлі ағылған көлік тізгініндегілерге қолайсыздық туғызуда.
Жүргізушілер болса «Бізде жолдар уақытша пайдалануға ғана жөнделеді. Мына төселген тастары көлік қозғалысына шыдамай шашылып жатыр. Көліктердің дөңгелектері шыдамады мұндай жолға. Сонша уақытқа жауып тастап жұртты әбігерге салғанда төсеген жолдарының сыйқы осы ма?» деп ашынады.
Шаһардағы көлік қозғалысы жиі аумақ жаз айларында жөндеуге жабылып, халықты әбігерге салғаны есте. А. Байтұрсынов көшесінің 5,2 шақырымында жылу құбырлары ауыстырылып, асфальт қабаты қайта қалпына келтірілді. Алайда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жасалған жұмыстар дер кезінде аяқталған жоқ.
Салаға жауаптылар жұмысты өндірістік кестеден 20 күнге кеш аяқтаған мердігерлерге 1 млн. теңгенің айыппұлы салынғанын айтады. Сапасыз жұмысқа жол берген құрылысшылар тағы да ескерту алып отыр. ТҮКШ мамандары ақауларды қайта қалпына келтіру жұмыстарын қадағалап отырмыз деп сендірді.
Ал жолды асфальттауға әлі ерте. Себебі жауынды-шашынды мезгілде мұндай жұмыстарды жүргізуге болмайды. Осыны ескерген мамандар күн жылысымен жөндеу жұмыстарына кірісеміз деп уәде етті.
Мақпал Рысбаева