Үш ауысымды мектептердің мәселесі жыл соңына дейін шешіледі

898

Шымкент қаласындағы үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі жыл соңына дейін толығымен шешіледі. Бұл туралы қала әкімі Нұрлан Сауранбаев халық алдындағы есебінде айтты.

2017 жылы көптен бері алғаш рет қалада 124 мектепті жөндеуге және үш мектепті күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Барлық жұмыстар толығымен аяқталды. Алты мектеп және 4 қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Тағы да жаңа бес мектептің құрылысы мен төрт қосымша ғимарат салу жұмыстары басталды. Құрылысты 2018 жылы аяқтау жоспарлануда.

Бұған қоса мектепке барар жолдың қауіпсіздігі басты назарда болмақ. Қалалық әкімдік өкілдері барлық мектепке баратын жолдарға жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру, бағдаршамдар және жол белгілерін орнату туралы шешім қабылдады. Әлеуметтік желіде және аудан әкімдерінің халықпен есеп беру кездесінде тұрғындардың ең бір көтерген мәселесі осы болды.

— Бұл — орынды мәселе. Балалардың қауіпсіздігі, денінің сау болуы қашан да бірінші кезекте тұрады, — деді Н.Сауранбаев.

Осыған сәйкес мектепке жақын жолдар мен көшелерге талдау жүргізіліп, ауқымды жоба жасалды. Бірінші кезектегі маңызды аумақтарға жарықшамдар мен жаяу жүргіншілер жолы салынатын болады.

shymkent.gov.kz