Үшемдер перзентханадан шығарылды

822

Шымкентте үшемдер дүниеге келді. Жеті айлық болып туылған шақалақтар бір ай перзентаханада жатып, бүгін анасымен бірге үйіне шығарылды. Бір сәтте үш баланы дүниеге әкелген 20 жастағы азаматшаның бұл тұңғыш перзенттері.

Туыла салып жұлдыз атанған бұл үшемдердің есімі Зухра, Захро және Хасан. Үшеуі мерзімінен бұрын дүниеге келген. Туылғанда өкпесі дұрыс дамымай, жасанды тыныс алу аппаратында бір аптаға жуық жатыпты. Қазір кішкентайлардың жағдайы жақсы. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында шала туылған шақалақтар аман қалып, анасының қолына берілді.

Гузаль Нурмиминова, үшемдердің анасы: «Негізі егіз күткенбіз. Бірақ, Құдай үшемдерді берді. Қуаныштымыз. Жағдайларымыз жақсы».

Шақалақтар 16 ақпан күні дүниеге келген. №2 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері үшемдерді қырық күн бойы күтіп, бүгін перзентаханадан шығарып салды. Ақ халаттылардың қатаң бақылауында болған нәретелердің әрқайсысы бір ай ішінде бір келіден салмақ қосып үлгерген.

Дәрігерлердің сөзінше, сәбилердің қазіргі денсаулығы жақсы. Бұл Оңтүстікте биылдыққа дүниеге келген үшемдердің алғашқысы.