Облыста жыл сайын мүгедектер қатары азайып келеді

621

Облыста жыл сайын мүгедектер қатары азайып отыр. Бұл әрине, қуантарлық жәйт. Алайда, жарымжан жандардың кемуі – озық медицинаның жемісі ме, әлде мүгедектікті тағайындауда қасақана жасалатын қиындықтар ма? Мемлекеттен тағайындалатын бұл жәрдемақы кімдерге тиесілі? Оған қалай қол жеткізеді?

Қырықтың қырқасына шыққан Талғат Қалжа мүгедектік жәрдемақы алу үшін дәрігерлер тексерулерінен өтуде. «Бір көзім мүлде көрмейді, ал бірінің көру қабілеті жылдан-жылға төмендеп барады», – деп шағынады ол.

Талғат Қалжа, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жұмысқа жарамаймын, бала кезімнен көзім нашар көреді».

Ақ халаттылар көз дәрігері берген қорытындымен танысып шығып, қандай шешім қабылдағанын сол мезетте-ақ жеткізді. «Мүгедектік тобын өзгертіп, жәрдемақысын жоғарылатқысы келетіндер көбіне дер кезінде тиісті ем-дом шараларын ала алмайтындарына шағынады», – дейді дәрігерлер. Мамандар бұл ретте ауруханаға жату қазір қиындап кеткенін жасырмады.

Нұрлан Жанұзақов, Қаратау аудандық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы: «Мүгедектер ауруханаға жылына 1-2 рет жатудың өзі проблема. Кей науқастар жылына бірнеше рет жатып шығуы керек. Алайда бұл мүмкін болмай отыр».

Ал мүгедектік тағайындау процесі арнайы бейнебақылау арқылы бақыланып отырады. Дәрігерлердің шешіміне бас аяғы 45 минут беріледі. Осы шараларға тікелей жауапты департамент басшысының орынбасары Марат Арқаров күнделікті процесті оз мониторынан қадағалайды.

Айта кетейік, бүгінде облыста 120 мыңнан аса мүгедек бар. Жыл басынан бері 900-ге жуық адам мүгедектік алу үшін арнайы куәландырудан өткен. «Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш»,- дейді мамандар. Айта өтетіні, азаматтар бұдан былай төлем орталығына сандалмайды. Департамент мәліметтерді бір күннің ішінде орталықтың дерекқорына жөнелтеді.

«Қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін барымызды салып жатырмыз»,- деп сендірген сала басшылары «жарымжан жандарға тиесілі жәрдемақыны тағайындауда қасақана кедергілерге де, заңсыздықтарға да жол бермейміз», – дейді.