Табиғи газға аспандаған баға үшін айтар арызыңыз болса…

721

Тұтынған табиғи газдың көлемін көрсететін электронды құрылғының жұмысына күмәнданған тұрғындардың қатары азаяр емес. Сондықтан да арнамыздың түсіру тобы төлемдер бойынша түбіртек тарататын «Шымкент РЦКУ»- ЖШС және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өңірдегі филиалының мамандарымен кездесіп, тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жауап алуға тырысты.

Аталған мәселемен «НұрОтан» партиясының облыстық филиалында 8 ақпанда жаңа форматта өтетін қоғамдық қабылдауға қатысуыңызға мүмкіндік бар. Қабылдауды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы, қаржы, мемлекеттік сатып алу басқармасының басшылары жүргізеді. Қатысуға уақыт табыңыз.

Тұтынылған газ үшін алған түбіртектерін ұстаған шымкенттіктердің мәселесіне қатысты шара көрілетінін жауаптылардан бұған дейін де естігенбіз. Сол шаралардың бірі — былтырдан бері бірыңғай төлем құжатын тарату және тұтынған газ үшін төлемдерді жинау «РЦКУ-Шымкент» серіктестігіне жүктелді. Алайда, шағымдардың азаятын түрі жоқ. Мәделі қожа көшесінің тұрғындары «саладағы жаңғырту бағдарламасының шарапатын көре алмадық», — деп қынжылады. «Орнатылған электронды есептегіш құралының жұмысы тіпті күмәнді», дейді олар.

Малика Құрбанова, қала тұрғыны: « Желтоқсан айына түбіртек алдық. 33 мың теңге төлеуіміз керек. Алдыңғы жылдары осы кезеңде 9 мың төңірегінде төлейтін едік. Ауа райы да суық болған жоқ. Есесіне газды үнемдейміз, күндіз жақсақ, түнде өшіріп қоямыз».

Түсіру тобының өтінішімен компания басшылығы тұрғындармен кездескен. Мамандар бұл жолы да жаңа есептегіш құралының жұмысына қатысты түсініктеме берді.

Мақсат Әуелбеков, «РЦКУ Шымкент» ЖШС басшысының орынбасары: «Мәделі қожа көшесінің тұрғындарына бардық. Есептегіш құралдарын тексеріп көрсеткіштері бойынша барлығын түсіндіріп бердік. Біз оны ойдан алмаймыз. Тұтынған табиғи газдың мөлшері көші бойында тұрған есептегіш құрылғысында көрсетіледі. Спутник арқылы бізге келеді. Біз тек ол сомаларды абоненттің түбіртегіне енгіземіз».

Монополист компанияның да бұл ретте шешімі дайын. Өңір тұрғындарын көгілдір отынмен қамтитын «ҚазтрансгазАймақ» мекемесінің мамандары да электронды есептегіш құралындағы көрсеткіштерге күмәндәнуға негіз жоқ деп отыр.

Асқар Шипеков , «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚӨК өкілі: «Қазгидрометтен» мәлімет алдық, 2016 жылы желтоқсан айында ауа райы жылы болған, ал былтыр жылдың соңында ауа температурасы біршама суық болған. Сондықтан да тұтыну да артқан. Осыны ескеру қажет. Бізге келген әрбір тұрғынға осы жағдайды түсіндірудеміз».

Егер сіз құқығыңыз шектелді деп есептесеңіз, өңірімізде азаматтардың құқығын қорғау қызметі, прокуратура органдары ,Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті барын да ескеріңіз. «НұрОтан» партиясының өңірлік филиалы да азаматтардың өтінішін тыңдап, көмек көрсетуге дайын.

Нұрмахан Жолдасов, Нұр Отан партиясының ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары: «Электронды есептегіш құралы, тұтынған газдың көлеміне қатысты күрделіліктерден хабарсыз екенбіз. Алайда егерде мұндай проблема болса, «РЦКУ-Шымкент» мекемесінің басшысын шақырып, неліктен олай болып жатқанын анықтайық».

Шынар Оразова