Халықтың осал тобына арнайы азық түлік карточкалары енгізіледі ме?

725

«Қоғамда кедейлікпен және табыстардың жіктелуімен күресудің бірден бір механизмі – тұрмысы төмен отбасыларға арнайы азық-түлік карточкаларын енгізу керек!». Коммунистік партия өкілдері осындай ұсыныс жасап отыр. Саяси партия мүшелері «кедейлік пен төмен жалақы – адамдардың дұрыс тамақтану, емделу, балаларға тиісті білім беру сияқты мүмкіндіктерін шектеп, өмір деңгейін төмендететініне бей-жәй қарауға болмайды»,-дейді.

Коммунистердің өңірлік комитеті «Қазақстандағы инфляция. 2018 жылдан не күтеміз?» тақырыбында қоғамдық пікірталас ұйымдастыруды жөн санапты. 2017 жылы елімізде инфляция 7,1 пайызды құраған. ОҚО-да бағаның өсуі тіркелген, қаңтар- қазан айларында негізгі тұтынатын тауарлар мен қызметтердің құны 7,9, ақылы қызметтердің құны 10,6 пайызға өскен.

Өмір деңгейінің төмендеуі байқалады. Табыс төмендегенде халықтың тұтынушылық қабілеті бірден азаятыны заңдылық,- дейді коммунистер. Сондықтан аз қамтылған отбасыларына арнайы азық түлік карточкаларын енгізуді ұсынып отыр. Алайда, «бұл қадам азаматтардың масылдығына жол береді»,- деген пікірлер де айтылды.

Ғазиза Байтуғанова, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы: «Карточкалар енгізілсе, адамдар жұмыс істемей үйреніп үйлерінде отыратын жағдай да болары анық. «Өрлеу» бағдарламасы бар, отбасында ата-аналар балаларды жастайынан еңбекке баулуы тиіс. Жұмыс істеймін деген адамға барлық қолдау бар, мемлекеттік бағдарламалар да көмек қолын созады.

Халықтың осал тобына арнайы азық түлік карточкаларын енгізуге байланысты партия және қоғам белсенділері де ойларын ортаға салды. «Біз қазір капитализм дәуірінде өмір сүрудеміз», – дейді қоғам белсендісі Марат Давесов.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы отандық тауарға деген тұтынушылық сұранысты арттыру бағдарламасымен қатар, кедейлікпен күресу бағдарламасын да қабылдау қажет деп есептейді. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың есепшоттарына ай сайын белгілі сома аудару турасында тұрғындырдың ойын білу коммунистер үшін өте маңызды. Сондықтан, баршаны белсенді болуға шақырады.

Шынар Оразова