Қазығұрт бөктерінде Әз-Наурыз тойланды

994

Оңтүстік Қазақстан облысы Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатымен атап өтті.

Биыл «Наурыз Қазығұрттан басталады» деген атаумен алғаш рет Қазығұрт ауданы, Ақбұлақ ауылындағы Қазығұрт тауының бөктерінде Наурыз мейрамы ұйымдастырылды. Оған 1500-ге жуық өнерпаз қатысты.

Ұлық мерекеге орай тау бөктеріндегі этноауылға 40-тан астам киіз үй тігіліп, алтыбақандар мен ұлттық салт-дәстүрлерді паш етітін арнайы шағын сахналар мен ұлттық ойындарға арналған алаңшалар орналастырылған.

Наурыз мейрамына жиналған қауым этноауыл ішіндегі қолөнер шеберлері мен ұлттық тағамдардың көрмесін тамашалады. Салтанатты шараның басты сахнасы Нұқ пайғамбардың кемесі іспеттес безендірілген.

Салтанатты шараның шымылдығы «Тіршіліктің бастауы – Қазығұрт» қойылымымен басталды. Бұл қойылымда 230 биші хореграфиялық композиция арқылы жер жаһанды топан су басып, Нұқ пайғамбардың кемесінің Қазығұрт тауына келгенін паш етті.

Мерекелік жиын мұнан соң «Күннің жаңаруы»,«Қыдыр атаның 12 аймен кездесуі», «Табиғаттың оянуы», «Наурызтойы», «Рухани жаңғыру – ұлтты ұлықтаудың ұлы жолы», «Тәуелсіздік түндігі – Астана» сазды- хореографиялық композициясымен жалғасын тапты. Мәселен, «Табиғаттың оянуы» композициясында 500 көгершін көкке ұшырылып, Наурыз келгенін пластикалық қойылым арқылы көрерменді таң-тамаша етті.

«Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасына облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты мәдениет және өнер мекемелерінің әртістері және «Шамсинур», «Фараб», «Тұмар», «Жұлдыздар», «Таңшолпан», «Қаракөз», «Шаттық» би ұжымдары мен 500 жылқы, 500 көгершін мен түйелі күймелер қатысты.

Шара барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев баршаны Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп айтқан сөзі бар. Ал, ұлттық код деген қайда десек, оның қайнар көзі – әз Наурызда. Ұлыстың ұлы күнінде қазақ мәдениеті мен руханиятының бар інжу-маржаны жарыққа шығады. Наурызда дәстүрлі ән шырқалып, күй шертіледі, терме төгіліп, ақындар айтысады. Ең бастысы, Наурызда дәстүр бойынша жастар үлкендермен көріседі. Өкпе-наз, реніштердің бәрі ұмытылады. Яғни, Наурыз – ынтымақ пен бірлік, үлкенге құрмет, мейірім мен кешірімділік секілді ізгі қасиеттер дәріптелетін мереке», – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Сондай-ақ, аймақ басшысы қай халық болмасын тек өзiнiң тарихы, мәдениетi, өзiнiң руханияты шеңберiнде ғана дамитынын, сол ерекшелiктерiмен ғана өркениет көшiне iлесетінін айтты. Жаттың тарихын, бөтеннің мәдениетiн бойына сiңiрiп, керемет дамыған, ғажап жетістіктерге жеткен мемлекет жер бетінде жоқ. Ондай елдердi тек тарих сахнасынан түсіп қалу тағдыры ғана күтiп тұрғандығын жеткізді.

Бүлдіршіннің тұсауын кесіп, өмір жаы ұзақ, жолы ақ, еліне сыйлы азамат болуын тіледі.

Жастардың және жергілікті тұрғындардың қатысуымен тау бөктеріне «Рухани жаңғыру» сөзі жазылып, құс бейнеленіп, 500 жылқы ерсілі-қарсылы шауып, флешмоб өтті.

Қазығұрт бөктеріндегі үлкен алаңдағы этноауылдың ішінде түрлің ұлттық ойындар өткізіліп, тамақ пісіріліп, қызу тойлатып жатты.

Мұнда облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастырған ойындары мен билері көпшілікті өзіне баурап алды.