Кино апталығы басталды

562

Жуырда Төлеби ауданында кинокөрсетілім апталығы басталды. Аудан тұрғындары тек қана күнгейде түсірілген киноларды тамашалауға мүмкіндік алды. ОҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының қолдауымен, «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұйымдастыруымен кино апталығының ашылу салтанаты өтті.

Апталықтың ашылу салтанатына жиналғандар көп болды. Өңірімізде түсірілген көркем және анимациялық фильмдер көрермен назарына ұсынылмақ. «Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасының бастау алғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Бүгінде өңіріміздегі барлық аудандарда аталмыш жоба жүзеге асырылуда. Алғашқы болып төлебиліктер назарына ұсынылды.

Арнайы шарада Төлеби аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсілбек Әуесбек апталықтың ашылуымен құттықтап, «САҚ» киностудиясының авторлары Елеуов Серікбай мен Үмбетов Алматты Төлеби ауданы әкімінің арнайы алғыс хатымен марапаттады.

Сондай-ақ, ауданның ең кішкене өнерпаздары «Балапан» би тобына облыстағы бірқатар іс-шараларға белсене атсалысқаны үшін ОҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының алғыс хаты тапсырылды. «Балапан» би тобы көрермендерге өз өнерлерін ұсынды.

Жоба барысында кішкентай көрермендер мен аудан тұрғындары «САҚ» киностудиясы түсірген «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау» анимациялық фильмдері және «Көне жетігеннің сыры» көркем фильмін тамашалады. Жамандықтан жиреніп, жақсылыққа үндейтін көркем туындылар көрермен көңілінен шықты. Алдағы уақытта да осындай игі шаралар жалғасын тапса дейді көрермендер.