Моңғолиядан келген делегация Созақты аралап жүр…

513

Созақ ауданының әкімі Салыхан Сабырұлы «Катко» қазақстан-француз қызметкерлерімен Моңғолия мемлекетінен келген азаматтарды қабылдады. Моңғол елінен келген қонақтардың мақсаты уран өндіріп жатқан «Катко» қазақ- француз біріккен кәсіпорнының және осы аймақта тұрып жатқан тұрғын халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысу болатын.

Қабылдау барысында аудан басшысы қонақтарды ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырды. Атқарылып жатқан шаруаларға шолу жасады. Сонымен қатар өндіріс орындарының жай-күйі жайлы да қонақтарға баяндап берді.

Моңғолия Үкіметі инвестиция тартып, өз жерінде уран өндірісін өркендетіп, елдің экономикалық хал-жағдайын дамытуға жұмыстар жасамаққа бекініп отырған көрінеді. Осы мақсатта уран өндірісінің пайдалы тұсын халыққа түсіндіру үшін Моңғолия мемлекетінен делегаттар келіп ауданның және өндіріс орнының тіршілігін өз көзімен көрді.

Елдің өрлеуі мен экономикасына тигізіп отырған тиімді әсеріне көз жеткізу үшін уран өндірісімен айналысып отырған ауданға делегацияны арнайы жіберіп отыр. Әкім аудандағы ауылшаруашылығының дамуы, өндіріс орындарымен орнатылған іскерлік байланыстар жайын айта келе алдағы уақыттарда аймақта мал шаруашылығын дамытуға жасалып жатқан игі бастамаларды қабылдау барысын да әңгімеледі.

Қонақтар тарапынан аудан әкіміне бірқатар сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар алды. Сондай-ақ, қонақтар, «Катко» кәсіпорнының демешулігімен салынған А. Сүлейменов жалпы орта мектебінің ғимаратында және мүмкіндігі шектеулі жандардың тігін цехының жұмысымен танысты.