Наурызда Арбат ашылмақ

584

Шымкенттегі Бекет батыр көшесінде абаттандыру жұмыстары басталды. Сала мамандарының айтуынша, бұл көше шаһарда жоспарланған төрт арбаттың біріне айналады. Ұзындығы бір шақырымға жуық көшенің 300 метрі абаттандырылып, арбатқа айналмақ. Нысан Наурыз мерекесінде қолданысқа беріледі деген жоспар бар.

Елу жұмысшыс арнайы техникалардың көмегімен көше бойындағы көпжылдық ағаштардың қураған бұтақтарын бұталап, жол жиегіндегі қордаланған қоқыстарды тазартуда. Бұдан кейін жарық шамдар қойылып, қылқан жапырақты ағаш көшеттері мен гүлдер отырғызылады. Жаяу жүргінші жолына төселетін тастар да ерекше болады дейді сала мамандары .

Нұрлан Бектұрсынов, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы: «Бұл алаң алдағы уақытта адам танымастай кейіпке енбек. Көшеге төселіп жатқан таудың жабайы тасы. Яғни, табиғи тас. Жерге төселіп, бастырылып, тапталған соң біртегіс әдемі көрінеді, тайғанақ емес».

Арбаттың жиек тастары граниттен қойылды. «Бұл әсем әрі ыстық суыққа төзімді» дейді құрылысшылар. Бекет батыр көшесінде көлік қатынасы жоқ. Сәулетшілер сол себепті де осы көшені таңдаған. Облыс әкімінің тапсырмасына сай, Шымкент қаласында бұдан бөлек және үш көшеде арбат болады. Қылқалам шеберлері өз туындыларын көпшіліке паш етіп, сауда жасайтын, ал қалалықтар серуендеп демалатын орынға айналуы тиіс.

Сәулетшілер «Арбат үшін ыңғайлы деп үш көше таңдалып алынды. Бұл көшелерде ұлттық нақышқа сай бір үлгідегі дүкендер болады» дейді.

Алғашқы Арбаттың құрылысы Шаһардағы саябақтарды кұтіп ұстауға бөлінген қаражат есебінен жүргізілуде. Айта өтейік, облыс орталығындағы саябақтарды күтіп ұстауға 800 млн теңге қаралған.

Нұрлан Күдерұлы