«Сәләфилік» діни ұйымының психологиялық портреті

1369

Біз қоғамда көріп жүрген ұзын, ретсіз сақал қойып, балақтарын тобықтан жоғары етіп қысқартып алған жалпақ тілде «сәләфи» деп атап кеткен дін ұстанушылар кімдер? Бұл сұраққа келмес алдын, жалпы «Салафия» дегеніміз не? Соған тоқталып, оның мән-мағынансын түсініп алғанымыз жөн болар. Өйткені барлық ағымдарға ортақ бір қағида бар. Ол – жақсы ұранның астында жымысқы ойларын жүзеге асыру.

Ислам терминологиясында «ас-Салаф ас-Солих» деген термин бар. Бұл туралы ислам энциклопедиясынан көре аласыз. Бұл терминнің шығуына себеп болған мынадай хадис бар. Пайғамбарымыз (с.а.с) былай деген: «Ең жақсы ғасырлар: менің ғасырым, сосын одан кейін келетіндер (ғасыры), сосын олардың соңынан келетіндер (ғасыры) жақсы». Міне осы ғасырға «Аср ас-Сағадат» делінеді.

Ал осы ғасырда өмір сүргендер абзал адамдарға «ас-Салаф ас-Солих» делінеді. Олар: Пайғамбарымызбен бірге өмір сүрген сахабалар, олардың ізіне ерген табиғиндер және оларға ерген атбаға табиғиндер болып табылады. Міне осы қасиетті ұғымды өздеріне ұран етіп алған, заманауи салафиттер бар. Бірақ бұлардың айтқан сөздері ғана болмаса, амалдарын көріп, шынайы салафилерге еш қатысы жоқ екенін байқайсыз.

Жалпы діннен еш хабары болмаған қарапайым қатардағы жастардың дінге бетбұруына ықпал ететін бірқатар факторлар бар. Солардың бірі әрі бірегейі ол әлбетте интернет, ондағы әлеуметтік желілер, қауымдастықтар. Жастардың рухани сұранысын қанағаттандыратын негізгі құрал, әрі ұстаз «Интернет» болып шыға келеді. Ал өз беттерінше ілім алған жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кету ықпалы басым. Егер балаларымыз бұл ағымның ықпалына түссе, онда оларды дәстүрлі бағытқа қайтару өте қиын.

Себебі бұл тек бір діни бағыт қана емес, мұсылман үмметін өз ішінен ыдыратуға арналған ұзақ мерзімді идеологиялық бағдарлама. Яғни, сіздің балаңыз саяси бір ағымның жалған идеяларын жүзеге асырушы құралға айналады деген сөз. Оның соңы Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға кетіп, Отанын сатушылардың қатарын толтырушылардан болуы да әбден мүмкін. Себебі елімізден Шам жеріндегі қарулы қақтығысқа қатысу үшін кеткен азаматтардың барлығы дерлік осы көзқарастағылар болып отыр.

Қарапайым қатардағы бала дәстүрлі емес діни ағымның ықпалына түссе, оның бойында бірқатар өзгерістер пайда бола бастайды. Уақыт өте келе ол мүлде басқа адамға айналады. Ол өзгерістерді отбасы мүшелері, жақындары мен достары міндетті түрде байқайды.

Жоғарыдағы тоғыз ерекшелік бойынан байқалған тұлғалардың отбасылық өмірде үлкен өзгеріс болады. Теледидар қарау, әуендер тыңдау және фильмдерді көру – харам, балабақшада өтетін ертеңгіліктерде сөйлеу – харам, неке жүзігін тағу – харам. Туған күн, жаңа жыл секілді мерекелерді тойлауға мүлдем қарсы. Тіпті балаларға ертегі айтылмауы керек. Оны күпірлер ойлап тапқан. Сырқаттанып ауырған балаларды емдеуге және емдетуге болмайды, оларды Алла қорғайды… Кешкі сағат алтыдан соң терезелерді ашуға болмайды, себебі бұл уақытта шайтандар ұшып жүреді (дінтанушы Т.Әбуов).

Бұл мұсылман үмметін өз ішінен ыдыратуға арналған ұзақ мерзімді идеологиялық бағдарлама болып табылады. Негізгі мақсат, өскелең ұрпақты орта буынға қарсы қою арқылы қоғамда бейберекетсіздік орнату және бітпес талас-тартыс алаңына айналдыру.

Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін әуелі жастардың бойындағы мынадай негізгі құндылықтарды жоюға тырысады:

1. Өскелең ұрпақты ұлттық құндылығы мен салт-санасынан, тарихынан айыру;
2. Оның барлық құқықтық, әлеуметтік және діни сұранысын қанағаттандырып отырған мемлекетінен айыру және оны жоюға дейін мәжбүрлеу;
3. Ата-анасынан, туған туыстар мен оны қоршаған барлық ортадан айыру.
Бұлар адам баласы өмірінде ерекше орын алатын үлкен үш құндылық болып табылады. Егер адамды бұл құндылықтарынан ажыратса ол зомбиге айналады. Мұндай адам үлкен күйзеліске ұшырап, төмендегідей халге келеді.
1. Ақиқат пен жалғанды, кімнің дос, кімнің қас екенін ажырата алмай қалады;
2. Бойына еш нәрсеге төзбейтін, қырсық бір мінез қалыптастырады.
3. Ақиқатты иемденуші позицияға өткізеді. Тек өзін ғана ақиқаттың иесіне айналдырып, тәкаппар қылады.
4. Еркін ойлау қабілетін тоқтатады. Ақылды мүлде қолдандырмай тастайды. Өмірін тек нақылмен (Құран және хадис) байланыстырады. Бірақ араб тілі мен негізгі қайнарларды түсіну құралдарын білмегендіктен өзінің ұстаздарының айтқанына жүгінуге мәжбүр болады.
5. Дүниеде ең таза ислам ол Арабияда деген ұғымды санасына сіңіру арқылы, балаға араб елдеріне кетуді аңсатады. Содан соң бала Қазақстанда өмір сүруді қорлық санайды. Оқу, сауда, қажылық секілді сылтаулармен шетелге шығудың амалдарын іздей бастайды. Бұл олар үшін өте қауіпті екенін сезбейді де. Шетелге шығып, содырлардың ортасына түскен кезде ғана алданып қалғандарын сезеді, бірақ өте кеш болады. Ол жерден қайтып оралу кезкелген адамға бұйырмайды.

Егер өз ұрпақтарыңыздың бойынан осы тұлғалық өзгерістерді байқасаңыз міндетті түрде мамандарға жолығуыңыз керек. Облысымызда 2011 жылдан бері «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» қызмет атқарады. Сіздің көкейіңізде жүрген діни сұрақтарға, сіздің жақындарыңызға және сізге қашан да көмек беруге әзір. Орталықтың сенім телефоны бойынша өткен жылы 43 азаматқа психологиялық, теологиялық көмек көрсетілді.

Келер ұрпағымыздың болашағы мен жарқын келешегі үшін қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Себебі, білім, ғылым, денсаулық, экономика бәрі-бәрі де тек бейбіт күнде ғана дамымақ.

Дәстүрлі емес діни ағымның ықпалына түскен азаматтардың тұлғасындағы өзгерістер төмендегідей:

1 Сөздеріндегі өзгерістер: Күнделікті қолданыстағы сөздерді араб терминдерімен ауыстыра бастайды. Әсіресе «Ахи», «Ухти», «Джазака Аллаһума хайран», «Джахил», «Мушрик», «Мунафиқ», «Бидғат», «Харам», «Аузубиллаһ», «Әстағфируллаһ» деген сөздерді өте жиі еститін боласыз. Бұлардың бірқатары діни терминдер болса, ал енді бірі күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздер (Бауыр, қарындас).
2 Атын өзгерту: Өзінің негізгі атынан бөлек «куня» яғни лақап аттар ала бастайды. «Абдуллаһ», «Сейфуллаһ», «Халид», «Хамза», «Салахаддин» т.б.. Бұл аттардың барлығы ислам тарихындағы қаһарман қолбасшылардың аттары болып табылады. Алғашында бұл есімдер қайсар әрі батыл болуға себеп болса, кейіннен заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру барысында ешкім танып қоймасын (әсіресе құқық қорғау органдары) деген мақсаттағы бір құралға айналады. Бұл да өзін жасырудың (канспирация) бір түрі.

3 Киімдерін өзгерту: Спорттық немесе әскери киімдерге әуес болу. Шалбардың балақтарын қысқарту, егер спорттық болса балақтарды бүру, үнемі ақ шұлықтар кию. Кең және суреті, жазуы болмаған киімдер кию, Сауд Арабиясының киімдеріне әуестігі арту, қыз болса қара түсті жамылғылар немесе абая кию т.с.с.
4 Музыкадан бас тарту: Рок, Поп, джаз секілді музыкаларды қоспа

ғанда дәстүрлі, патриоттық әндердің өзін тыңдауды харамға шығарады. Әйелдер ән айтатын жерлерден кетіп қалады. Тек «Нашидтер» (Ешқандай музыкалық аспапсыз айтылатын діни әуендер) тыңдайды. Кейбіреулері одан да бас тартады.

5 Намаздағы өзгерістер: Егер бала намаз оқымаса, онда намаз бастайды. Ал оқитын болса, онда үстіне намаздарды көбейте бастайды. Фарз намаздардан басқа нәпіл намаздарды да өте ұзақ әрі тас-тамай оқитын болады. Намаздарды Ханафи мәзһабымен емес аяқтарын талтайтып, қолдарын көкіректеріне байлап басқаша оқиды. Әйел және еркек намаздарының айырмашылығы болмайды. Егер жамағатпен оқылатын намаздар болса «Әмин» дұғасын дауыстап, айғайлап айтады. Кей жағдайларда жұма намаздарына мешітке бармайды. Себебі «Мешіттер адал ақшаға салынбаған, ондағы имамның ақидасы дұрыс емес, оларға ұюға болмайды» деген қарсылық пікірлерді ашық айтады.

6 Мінездегі өзгеріс: Отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы бұзылады. Алғашқы уақытта кезкелген нәрсе үшін сөз таластыратын, тез ашуланатын болады. Уақыт өте келе тұйықтық басып, ешнәрсеге зауқы болмай, ашылып сөйлеспейтін болады. Туған туыстармен қатынасын үзе бастайды. Туыстары арасында мемлекеттік, құқық қорғау органдарында қызмет жасайтын болса олармен мүлде аралас-пайды. Соңында барлық әрекеттерін жасырып, өзі намаз оқып жүрсе де жалған сөйлей бастағанын байқайсыз. Компьютер, телефондарына кодтар қойып, рұқсатсыз тисеңіз қатты ашуланып дөрекі сөздер айтуға дейін баруы мүмкін. Бұл радикалданудың орта кезеңі болып табылады.

7 Джиһад: Ислам дінінің мәні, ең асыл мақсаты ол джиһад деген түсінікке жетеді. Оған ислам тек джиһадтан тұратын болып көрінеді. Тек джиһад тақырыбы ғана қызықтырып, жүрген жерінде сол терминді іздей беретін болады. Оның «Бұл өмірдің мәні жоқ», «Шынайы өмірге дайындалу керек» деген сөздерін байқайсыз. Бұл жастардың психологиялық ауытқуға түсуіне себеп болатын факторлардың бірі. Оның соңы суицидпен аяқталуы мүмкін. Өйткені дәстүрлі дінді үйрету методикасында алғашқы дінге келген адамның жүйке жүйесінде ауытқулар болмас үшін О дүниені емес Бұ дүниенің мәні мен мағынасын түсінуді үйретеді.

8 Оқитын мәшһүр әдебиеттері мен тыңдайтын мәшһүр ұстаздары: Шартты түрде оқытылатын кітаптар төмендегідей: «Үш негіз», біздің елімізде тыйым салынған діни әдебиет, «Төрт қағида», «Күмәннан тазару», «Таухид кітабы» (авт. Мухаммад ибн Абдалуаһаб ат-Тамами), «Описание молитвы пророка», «Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ» (авт. Шейх Хафиз Ахмад әл-Хакәми.) Қосымша оқылатын әдебиеттер: Егер құран аудармасын оқыса тек Абдурахман ас-Саадидің тафсрі. Бухари және Муслим сахихтерін шархсыз (түсіндірмесіз) немес өз ұстаздарының түсіндірмелерін оқиды. Мысалға Имам Науауидің «Сады праведных» атты ислам әлеміне танымал хадистер жинағы бар. Бірақ олар оның «Проверенный (с тахкиком) шейхам аль-Албани» деген түрін ғана оқиды. Сондай-ақ, атақты тыңдайтын шейхтары: ал-Албани, ибн Баз, шейх Усаймин, шейх Фаузан т.с.с.

9 Ақпараттық алаңының өзгеруі: Теледидар, радио, газет, журнал секілді ақпарат көздерін қарауды қояды. Тек интернет алдында өз ұстаздарының діни уағыздарын тыңдап, ислам әлеміндегі болып жатқан қарулы қақтығыстардың видеоларын қарап, оған қатысты жазылған пікірлерін оқумен күнін өткізеді. «Олар сендерді адастырады немесе жүректеріңе күмән салады» деген жалаумен басқа дәстүрлі бағыттағы ұстаздардан немесе дәстүрлі ақпарат көздерінен діни білім алуға тыйым салынады.

Медет Халықов,
ОҚО Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы