Бүгін белгілі болғандай, Алматы- Ташкент және Шымкент -Самарқан бағытындағы жол айырығының құрылысы мерзімінен бұрын аяқталады. Құрылыс жұмыстарын өткен жылдың маусым айында бастаған мердігер компания құрылыстың 60 пайызынан астамын аяқтаған.
Жоспар бойынша бұл нысан 2018 жылдың қараша айында қолданысқа берілуі тиіс, алайда ол 4-5 айға ерте аяқталады дейді сала мамандары. Көпір құрылысы үшін 1 млрд. 700 млн. теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда 13 техника мен 75 жұмысшы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жұмыстарын тоқтатпапты.
Құрылысты жеделдетудегі мақсат көлік қозғалысын қалпына келтіру. Бұл Шымкент қаласындағы алғашқы жол айырығы сол себепті мердігер «ЖБИ И С» ЖШС-і барлық жұмысты талапқа сай жасап жатырмыз деп сендірді. Жоба бойынша нысанның екінші кезеңі де болады екен, оның құны 700 млн. теңгеге бағаланған. Жоба сараптамада дейді сала мамандары. Жалпы Шымкент көшелерінде әлі 4 жолайырық салынады, ол жұмыстар 2020 және 2022 жылдары жүзеге асырылмақ.