Тәртіп сақшылары 500-ден астам әйел-полицейді құттықтады

550

Бүгін, ОҚО ІІД-де 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара болып өтті. Шараға қалалық ішкі істер басқармасы мен облыстық департамент аппаратының жеке құрамында қызмет ететін әйел полицейлер және ІІО әйел-ардагерлер арнайы шақырылды.

Департамент бастығы полиция полковнигі Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбеков шараны салтанатты түрде ашып, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың нәзік жанды әріптестеріне арнаған құттықтауын жеткізді. Департамент бастығы өз құттықтауында, текті де қайсар қазақ әйелдерінің ерлерден кем түспейтін ерлік әрекеттерін айтып, тарихқа шолу жасай келе, бүгінгі қоғамдағы нәзік жандылардың жауапты қызметтер атқарып отырғанын айтты.

Бүгінгі таңда ОҚО ІІД-нің жеке құрамында 4 полковник және 7 подполковик шеніндегі ару әйелдер қызмет етіп, олар басшылық тізгінін ұстап отыр. Әсіресе Ішкі істер органдарында ерлермен иық тіресе қызмет атқарып жүрген әйел полицейлердің темірдей төзіміне құрметін білдірді. Оларға мықты денсаулық, отбасыларына амандық және жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, шарада ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Сержан Тұрсынбеков сөз сөйлеп, әйел полицейлерді үйде қарапайым әйел, ал жұмыста жауапты қызметкер ретінде танитынын айтып, оларға шынайы әйел бақытын тіледі.
Шара барысындағы погонды аруларды марапаттау рәсімінде, Ішкі істер министрінің бұйрығымен 18 қызметкер марапатталды.

Сондай-ақ, Департамент бастығының бұйрығымен облыстық департамент аппаратының жеке құрамында қызмет ететін барлық 500-ден астам әйел қызметкерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік іс-шараға сыйлы қонақ ретінде шақырылған отставкідегі ІІО-ның әйел ардагерлеріне Департамент басшылығы ерекше құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын табыс етті.

Салтанатты шара соңы облыстық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бақдарламаға ұласты.

ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы