Жемқорлыққа қарсы күресуге үндейтін фильм…

578

Өңіріміздегі мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйым мүшелері және жастар сыбайлас жемқорлықтың елімізге тигізетін залалы туралы баяндайтын «Адалдық аспанының астында»  («Под небом правды») атты деректі фильмді тамашалады.

Қаламыздағы «Жастар ресурстық орталығының» ғимаратында көрсетілген кинотуынды қоғамдық сананы жаңғырту мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге үндейді. Тың туындыны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырысымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. 

Фильмде ешқандай әртістер мен жұлдыздар өнер көрсетпейді, басты рөлде – елімізге еңбегі сіңген мемлекеттік қызметкерлер, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары және студенттер.

Ғанижан Асанұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары : «Кейіпкерлеріміз өздерінің өмірлік тәжірибелері және пікірлерімен бөліседі, осылайша қоғамда, соның ішінде өскелең ұрпақтың арасында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыруға ат салысады. Кейіпкерлер екі тілде сөйлейді, біздің елде үштілді саясат, сондықтан тілді кемсіту жоқ. Қазіргі шыққан нұсқасы – орыс тілінде, бірақ болашақта қазақша да шығады деп сенеміз». 

Әлия ӘДІЛБЕК