Биыл Шымкентте жылыту маусымы бірінші сәуірге дейін созылады. Сала мамандарының айтуынша, өткен жылы да «Жылуэнерго орталығы 3» мекемесі көпқабатты үйлерге жылу беруді сәуір айында тоқтатқан еді.
Маусымды аяқтау талабы бойынша ауа температурасы үш тәулік бойы +9 градустан жоғары болуы тиіс. Ал кей тұрғындар күннің көзі сәл жылынса, «жылуды өшіріңдер»,-деп байбалам салады.
Жылыту қондырғыларын өшіріп, күн салқындаса қайта қосу мүмкін емес, ол айтарлықтай уақытты талап етеді. Сол себепті де, қарт кісілер мен жас балалары бар отбасыларды мамандар түсіністікпен қарауға шақырады.
«Қуатжылуорталығы 3» МКК мамандары ақпан айында тұтынылған жылуға төлем ақы толық төленгенін де мәлімдеді. Бұл жылыту маусымының тарихында бірінші рет кездесіп отыр. Бүгінде мекеменің «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ-ның алдында ешқандай қарызы жоқ!
Жалпы, биыл облыс орталығындағы жылу құбырларында небәрі 4 апатты жағдай орын алған. Ол да дер кезінде жөнделген. Ал жертөлелерді су басу жәйттері — тұрғындардың салғырттығынан 15 апатты жағдай тіркелген. Дегенмен, ол деректер сапалы жылу беруге кедергісін келтірмеген. Ең бастысы, көпқабатты үй тұрғындары қыста тоңған жоқ,-дейді жылу берушілер.
Зәуре Оралбаева