Қазақстанда екпеден бас тартқан азаматтар саны артқан

506
vitalupdates.com

Соңғы жылдары Қазақстанда инфекциялық аурулардың алдын алу үшін жасалатын вакцинациялау әдісінің тиімділігіне сенбейтін ата-аналар саны артқан. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиялық бақылау департаменті директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды inform.kz.

Орталық маманының айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейінгі статистикалық мәліметте вакцинацияға сенбейтіндер саны 12 700 адамға жеткені көрсетілген. Он жыл ішінде бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен.

«Екпеден бас тарқан адамдар саны 300-ге жеткенде, біз мониторингті осы сектордағы адамдарға бағыттадық. Ал екпеге сенбейтіндердің қатарында ата-аналардың басым болуы – ойландыратын жағдай. Себебі олар өз өмірінен бөлек, жаңа туған баласына екпе жасатпай, оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін», – дейді Айнагүл Қуатбаева. Ресми ақпаратқа орай, екпеге сенбейтін азаматтар Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы мен Астана қалаларында басым. Сондықтан екпе жасаудың қажеттілігі жайлы түсіндірме жұмыстары осы аймақтарда күшейтілген.

«Екпе жасатпаған балаларға инфекциялық аурулардың жұғу қаупі жоғары. Ал олармен бір қоғамда өзге де азаматтарымыз өмір сүретіндіктен аурудың таралу ықтималдығы үлкен. Сондықтан, әсіресе ата-аналар бұл мәселеге назар аударуы шарт. Егер ойыңызды сенімсіздік паналаса, екпеге қатысты кез келген сұрағыңызға жедел желіге тегін хабарласу арқылы толыққанды жауап ала аласыз», – дейді Айнагүл Қуатбаева.

Оның айтуынша, ата-аналар сенімінің жоғалуы өз баласының денсаулығына салғырт қарауынан және интернеттегі түрлі расталмаған ақпараттардың әсерінен болып отыр. Қазіргі таңда, азаматтар өз дерігеріне қарағанда, әлеуметтік желілердегі таратылған ақпаратқа көбірек сенеді. Айта кетсек, Қазақстан Европа елдерінің жыл сайынғы ұйымдастырылатын иммундандыру апталығына қатысатын 54 ел қатарына кіреді. Екпе жұмыстарына қатысты түсіндіру жұмыстары осы апталық барысында белсенді түрде жүргізіледі.

Жолдас Өрісбаев