Күн көзінен қуат алатын су арнасы

568

Ауыз су тарифі қазір қымбаттағанымен, келешекте арзандауы әбден мүмкін. Бұл туралы ашылғанына 20 жыл толған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС ұйымдастырған «Елді мекендерді ауыз су және су бұру жүйелерімен қамтамасыз ету. Өзекті тиімді шешімдер және технологиялар» атты ғылыми-техникалық конференцияда айтылды. Жиынға алыс-жақын шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген су арнасы мамандары қатысты.

Қала жұртына тіршілік нәрін беріп отырған «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1998 жылы құрылды. Сол кездегі Шымкент «Су арнасы» басқармасының қызметін жалғаған серіктестік осы күнге дейін талай-талай белестен өтті. «Тұтынушыларға су есептегіш құралдарын орнатуды 1998 жылы бастадық. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 100 пайызға орындалды. Оның үстіне 20 жылдың ішінде 900 шақырымға жуық тозған су жүйелері, 200 шақырымға жуық кәріз құбырлары жаңартылды. Осы уақытта 21 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның 10 млрд. теңгеге жуығын Еуропалық қайта құру және даму банкінен 10 жылға несие ретінде алып, жұмыс жүргіздік,-дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і Бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орман.
Барлық технологиялық процесті заманауи қондырғылармен алмастырып, дамыту тариф мөлшеріне де әсер етіп жатыр. Төрағаның айтуынша, мұндай өзгеріс инвестиция тарту үшін қажет.

Анарбек Орман, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і Бақылау кеңесінің төрағасы:
«Қазіргі уақытта «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС –і 107-ден астам түрлі көлік және механизмдермен, соның ішінде эксковаторлармен, бұрғылау қондырғылары және жылжымалы электр стансаларымен, мегаполистің ең қуатты техникамен жақсы жабдықталған кәсіпорын. Осы техникалық құралдарының арқасында ЖШС барлық жөндеу-профилактикалық жұмыстарды уақытылы және сапалы орындап, шаруашылықтың іркіліссіз жұмысын қамтамасыз етіп отыр. Мекеме құрылғалы бері мемлекеттік бюджетке жалпы сомасы 3,3 млрд теңге салық төленді. Көтерілген судың орташа тәулік көлемі 142 мың м3/тәул. құрайды. Күн сайын қалалық тазарту құрылғылары 100 мың текше метр шайынды суларды тазартады.
Орынсыз шығынды жұмсау үшін инвестиция салу қажет. Одан кейін барып, инвестиция нәтижесін береді. Енді тарифті жылдан жылға қашан ретке келтіргенше өсе береді деген дұрыс емес. Бірден ақша құйып, содан кейін өзінің тиімділігін, ұтымдылығын пайдалана білсек, келешекте тарифтің төмендеуі де мүмкін»

Бүгінде 1200-ге жуық адам еңбек ететін кәсіпорын Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие алып келеді. Осылайша жаңа жобаларды жүзеге асырып, судың сапасын әлемдік стандартқа жеткізді.

Агрис Прейманис, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры:
«Су ресурстары-Маркетинг» компаниясы расымен де тек Қазақстанда ғана емес, осы Орталық Азия аймағында алдыңғы қатарда. Біз мұны эталон деп есептейміз. Су арнасы компаниялары осындай болуы қажет. Біз банк ретінде осы Шымкенттегі компанияны мысалға келтіреміз».

Еуропалық банк кәсіпорынға берген несие есебінен жұмыс процессі цифрлы технологияға көшірілген. Қалалық шайынды суларды тазарту кешенін толық заманауи поляк елінің қондырғыларымен алмастырған.

Валерий Сюндюков, Қазақстан Су Арнасы» Қазақстан Республикасы Сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындары қауымдастығының Президенті:
«Ғылыми-техникалық конференцияның Шымкентте өткізілуі де мұндағы су арнасының өте жақсы жұмыс жүргізіп жатқанын білдіреді. Жаңа технологияны ендіру, ауыз су алу және кәріз суларын тазалау бойынша заманауи технологияларды қолдануда мол тәжірибесі бар. Шайынды суды тек тазартып қана қоймай, оны шаруашылықта пайдалануды біледі. Баламалы энергия көздерін дамытып, биогаздан жылу және электр энергиясын өндіруі, күн энергиясын алуы өте жақсы бастама. Басқа қалалардағы су арналары «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ін үлгі қылып, үйренулеріне болады»

Компания кәріз суларынан биогаз өндіріп, одан жылу және электр энергиясын алу кешенін іске қосты. Сайрам ауданында екі күн станциясынан электр қуатын алып, қажетін жаратып, қалғанын сатып отыр. Ескі құбырларды жаңартып, кәріз суларына коллекторлар орнатқан. Осылайша банктен төрт траншпен қаржы аударылған. Серіктестік қаржы институты алдындағы барлық шарттарын орындап келеді. Енді бесінші транш қаржысы игеріліп жатыр екен.

Жанатбек Тұрдалиев, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і Бас директорының экономика жөніндегі орынбасары:
«2009 жылы алған несиеге су тазарту қондырғыларын жаңарттық. Әлемдегі озық тазарту қондырғысын қойдық. Біздің суымыздың сапасы әлемдік стандартқа сай. Суды көтеру бойынша автоматтандыру жүйесін енгіздік. Осы жүйенің арқасында бүгінде қала тұрақты түрде сумен қамтамасыз етіліп жатыр. Тозған су құбырламыздың 262 шақырымын банктен берілген несие қаржысы есебінен ауыстырдық. Апатты жағдайларды үш есеге дейін қысқарттық. Мына біздегі су құбырларының ең ескіргендері әлі де болса жоғары деңгейде. 36 пайызды көрсетіп отыр. Сол 36 пайызды азайтуымыз керек. Себебі қаламыз күннен күнге кеңейіп келе жатыр. Соған байланысты су тұтыну көлемі арта түседі. Оны тиімділігін арттырып, қаланы сапалы ауыз сумен ұдайы қамтамасыз ету үшін ескірген құбырларды ауыстыруымыз қажет. Біздің бірінші мақсатымыз осы»


Компанияның осындай елеулі жұмысын облыс әкімдігі де елеусіз қалдырмады. Бас директор Мұрад Урманов бастаған ұжымға алғыстарын білдіріп, марапаттады.

Жәнібек НҰРЫШ