Майдангер Сәуірбай Қапановтың ерлігі ел есінде

779
Әйтеке би ауылында Сәуірбай Қапановқа ас берілді

Биыл қазақстандықтар өзге ТМД елдерінің халқымен бірге Ұлы Жеңістің 73 жылдығын тойлайды. Сайрам ауданы Қызылқыстау ауылының 63 азаматы қанды майданға аттанып, қайта оралмаған. Келгендердің соңғысы осыдан он жыл бұрын дүниеден озған.

Ұлы Отан соғысына қатысқан Сәуірбай Қапановтың қайтыс болғанына ширек ғасыр толды. 50 жылда ел жаңа – бүгінде ауыл Әйтеке би атауымен аталады. Ауылдағы ағайын батырларына ас беріп, құран бағыштады.

Қапановтар отбасы бүгін қара шаңырақта түгел жиналды. Әкелері Сәуірбайға ас бермек. Үйдің үлкені Аманкелді ағамыз Алматыдан жанұясымен келген. Бастары қосылса, таудай әкелерінің екінші дүние жүзілік соғысындағы ерліктерін еске алады.

Сайрам ауданы Қызылқыстау ауылының тумасы Сәуірбай Қапанов майданға 41 жылдың тамызында аттанған. Қанды шайқаста батальонды бастап, оққа қарсы тұруға да қаймықпаған. Осы ержүректілігінің арқасында батальон Каунасқа алғашқылардың бірі болып кіріп, қаланы жаудан тазартқан.

Майдангер Сәуірбай Қапанов

1944 жылы ерлігі үшін наградталған. «Қызыл Жұлдыз» орденін бүгінгі ұрпақтары мақтан етеді. Сұрапыл соғыста жарақат алған майдангер еліне оралып ұжымшарды көтеруге де атсалысады. Колхозда мақта бригадасының жетекшісі, кейін басқарушы қызметінде еңбек етеді. Әкесінің өмірлік жолы бүгінде зейнеткер Амангелді ағамызға үлгі өнеге.

Амангелді Қапанов, майдангердің ұлы: «Әкемнің халық үшін жасаған тірліктері әлі есімде. Мақта егетін алқапта арық атыз жасауды қолға алған әкем еді. Ауылға электр жарығын  тартқанда да , атқа отырып, сонау шақырым жерден электр желісін тартып, ауылға жарық әкелуге мұрындық болған сол кісі болды. Қанды майдандағы жарақаты сыр беріп, денсаулығына да әсерін тигізді. 1968 жылы дүниеден озды. Әкемнің  жерлестеріне деген ықыласы ерекше болды».

Жерлестері Сәуірбай ата мен Рыстай апамыздың жақсылықтарын ауылдағы жастарға айтып келеді. Бұрынғы Қызылқыстау бүгінде Әйтеке би аталатын ауылдағы мешіт аумағында майдангердің құрметіне берілген аста ауылдың өркендеуіне аянбай еңбек еткен Сәуірбай атамыздың игі істері баяндалды.

Әшіркүл Бекбосынова, Әйтеке би ауылының тұрғыны: «Қайынағамның  қамқорлығын көп көрдік. Ауылда біреу қайтыс болса, тұрмысы нашар болса үнемі көмек беріп, жебеп жүретін. Жатқан жері жайлы болсын. Топырағы торқа болсын. Адамгершілігі , түсінігі мол еді. Біз Сәуірбай ағамызды өте құрметтедік».

Ауыл биі Амангелді Қабылбеков те ағамыз жайлы сыр  шертті: «Сәуірбай ағамыздың жасаған еңбегі аңызға айналған. Ол кісі   ауылдағы ағайынға  жаңа үлгідегі үйлерді салуға үйретті. Баспаналарды көтеруге өзі де жәрдемдесті. Қауын піскенде үйлерді аралап жүріп, тегін тарататын. Ол кісі басқарушы болғанда коммунизмде өмір сүргенімізді, енді түсініп жатырмыз ғой.  Іскерлігі былай тұрсын, еңбекқорлығын айтсаңызшы. Бір тынбайтын, өмірі егіннің басында, халықпен бірге болатын».

Майдангер Сәуірбай Қапановтың есімі мектептегі шеберханаға берілді

«Ер есімі – ел есінде». Демек өскелең ұрпақта ауылдан шыққан батырды ұмытпас. Өйткені үш жыл бұрын ауылда бой көтерген жаңа үлгідегі мектептегі шеберханаға ҰОС қатысқан Сәуірбай Қапановтың есімі берілген. Осында білім нәрімен сусындаған әрбір қара домалақ бейбіт өмірдің майданнан оралмаған 63 жауынгердің, ширек ғасыр бұрын дүниеден озған Сәуірбай аталары мен соңғысы осыдан он жыл бұрын қайтыс болған Үсіпәлі аталарының арқасында келгенін жүректерінде сақтайды.