Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев өткен демалыс күндері Шымкент қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан шаруалармен танысты. Кезекті сапар барысында аймақ басшысы қала көшелерінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын ширатуды тапсырды.
Алдымен өңір басшысы Қошқар ата өзенінің бойында салынып жатқан демалыс орнына аялдады. Биыл жоспар бойынша аталған өзеннің 1,6 шақырым жеріне абаттандыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Атап, айтқанда өзен бойы тазартылып, жағасына түрлі сәндік ағаштар егіліп, аяқжолдар мен жарықшамдар қойылмақ. Бүгінде аталған аумақта тиісті құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Артынша облыс әкімі қалада жаңадан бойкөтерген теннис кортына табан тіреп, су жаңа спорт кешенінің сапасымен танысты. Мұнда 2 бірдей теннис корты Абай саябағының 3,47 гектар жерін алып жатыр. Жобаның құны 1 млрд. 516 млн. 424 мың теңгені құрайды. Ғимараттың құрылысы 2016 жылы басталып, ағымдағы жылдың ақпан айында аяқталған. Спорттық нысанның сиымдылығы 100 орындық мінбе, 20 адамға шақталған интернаты және 48 орындық асханасы бар.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі