Қазақстандағы жалғыз ескек есушілер базасы жабылып қалуы мүмкін

367
Бұл Әлем чемпиондарының жаттығатын орны

Оңтүстіктегі ескек есушілердің спорттық базасы қыста жабылып қалуы әбден мүмкін. Осыдан 2 жыл бұрын іске қосылған су спорты түрлерінің әмбебап кешені бүгінде қайта жөндеуді талап етеді. Ғимараттың сыртқы келбеті сын көтермейді.

Әрлеп-сырлаудан бөлек, есік-терезені де ауыстыру қажет екенін спорт ордасының бүгінгі қызметкерлері алға тартады. Ал бұл нысанның құрылысына жауапты мердігер компания жөндеу жұмыстарына білек сыбана кіріспей жүргенге ұқсайды. Ескекшілерге жөндеу жұмыстарын 29 мамырда аяқтаймыз деп уәде бергенімен, әлі күнге дейін іс алға баспаған. Айта кетейік, бұл спорттық нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 600 миллионнан астам теңге бөлінген болатын.

Мұндағы жылу қазандығының да тозығы жеткен. Екі жылдан бері кем дегенде 15 рет жөндеуден өтіпті. Алайда, әлі күнге дейін апатты жағдайда. Ал қазандық ретке келмесе, қыста ғимаратта жылу болмайды. Қазірдің өзінде жылы су тоқтатылған. Құрылысқа жауапты мердігер компания директоры телефон арқылы жөндеу жүргізіледі деп қысқа қайырды. Спорттық алаңша да жарамсыз. Төсеніштері тозып, мұнда жаттығу жүрмегені қашан.

Мұндай олқылықтар жетерлік

Мұнда байдарка мен каноэда ескек есу, академиялық қайықта есу мен желкенді спорттың саңлақтары жаттығады. Алғаш рет академиялық қайықта есуден республикалық жарыс өткен болатын. Жерлестеріміз жуырда жастар ойындарында көш бастады. Бүгінде олар оқу-жаттығу жиынында. Ескекшілерді алда әлем чемпионаты күтіп тұр. Содан кейін ел мақтаныштары спорттық базаға қайта оралады. Ал мұнда, бұзылған тереземен жылы сусыз жуынатын бөлме күтіп тұр. Әрине, оған дейін мердігер компания жөндеу жұмыстарын қолға алмаса.