ОҚО-да автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтуде

655

Оңтүстік Қазақстан облысы орталығы Шымкент қаласының шығысындағы Сайрам және Төлеби аудандары бағытындағы автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтуде. Өңір басшысы Ж.Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда тиісті қаржы қаралып, құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұттың мәлімдеуінше, жолдарды жөндеу жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілмек.

«Сайрам-Қарамұрт аралығындағы автомобиль жолын жөндеудің жалпы құны 2039,0 млн. теңгені құрап, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 750 млн. теңге қаралды. Жоспарға сәйкес аталған аумақтағы жол 2020 жылға дейін толық пайдалануға берілетін болады. Ал Шымкент-Сайрам-Көксәйек жолын жөндеудің жалпы құны 4128,3 млн. теңгені құрап, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 700 млн. теңгесі қаралды. Жоспарға сәйкес, жол 2020 жылға дейін толық пайдалануға берілмек. Жөндеу жұмыстарына байланысты орын алған қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – деді Нұрлан Мархабатұлы.

Айта кетерлігі, бұған дейін Сайрам-Қарамұрт және Шымкент-Сайрам-Көксәйек автомобиль жолдарының тозығы жетіп, жолаушыларға қатынау қиынға түскен. Сондай-ақ, «Ибрагим ата», «Қарашаш ана», «Мәртөбе» сынды қасиетті орындарға зиярат етушілер мен «Қасқасу» демалыс орындары, «Сайрам-Өгем» қорығына туристердің келуіне кедергі болып келді.

Қазіргі таңда қосымша ішкі жолдар және басқа да уақытша айналма жолдар арқылы көлік қозғалысы мүмкіндігінше ретке келтірілген. Алдағы жылдары аталған аралықтағы автомобиль жолдары толық пайдалануға берілетін болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі