С. Полатов 5 жылға бас бостандығынан айырылды

785

ОҚО əлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Сəтжан Полатовқа қатысты сот үкімі шықты. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Алмас Меңлібаев сотталушыны 5 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сəтжан Полатов және сыбайластарына жалпы сомасы 5,9 млн. теңге пара алды деп ҚР ҚК-нің 366 бабының бөлігінің 1,2,4 тармақтарымен айып тағылды. Айта кетейік, Полатовтың ісіне қатысты тағы төрт тұлға сот алдында жауапқа тартылуда. Онымен бірге пара алу кезінде басқарманың бас маманы да құрықталған еді. Тағы үш бірдей ауданның əлеуметтік бағдарламалар жəне жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімінің басшылары да пара алу кезінде қолға түскен.

Ордабасы, Созақ, Төлеби, Бәйдібек аудандарының бөлім басшылары 1 млн. теңгеден алған делінген еді ресми хабарламада. Сөйтіп Сəтжан Полатов ҚР ҚК-нің 366 бабының 3 бөлігімен кінәлі деп танылды. Өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Үйінен тінту кезінде алынған 1 млн. теңге «Лидер ПРО» ЖШС – не қайтарылады. Сонымен С. Полатов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім 2017 ж 15 қыркүйегінен бастап есептелінеді.