Сенбілік… Ұран…

1087

Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен ауданда жаппай сенбілік өтті, – деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

28 техника, 8 787 тұрғын қатысқан тазалық іс-шарасының аясында 82 көшенің бойы, 22 аяқжол, 0,675 гектар саябақ, 21 шақырым көпірлер мен арық-атыздардың бойы тазаланып, 421 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, 18 жерде берекетсіз күл-қоқыстар жойылса, 8544 тал, 15 автобус аялдамалары әктелді.

2673 үй іргелік аулалар, көп қабатты үйлердің маңындағы аулалар, жертөлелер жинап-тазаланды. 12 балалар, 3 спорт алаңшалары, 1,775 шақырып ирригациялық жүйелер қоқыстан арылып, ретке келтірілді.

Айта кетейік, сенбіліктің арқасында 10527 дана ағаш отырғызылып, Жетісай қаласында 48 мың дана гүл егілді. Бүкіл тұрғындарды тазалыққа шақырған іс-шара 4 күнге созылады деп күтілуде. Хабарламаның жалпы мәтіні осындай.

Негізінде көктемде жаппай сенбілік ұйымдастыру жақсы-ақ, әрине. Алайда аудан әкімшілігіндегілер сенбілікті «Ақ көңілділік – адам ойының тазалығының белгісі!» атты ұранмен өткізіпті. Сенбіліктің атауы айқайлап-ақ тұр. Дегенмен сенбілікке мұндай атаудың қандай қатысы бар деген ойдың қылаң бергені рас. Ой тазалығы мен айналаның тазалығы қабыспайтын ұғым емес пе? Әлде әкімшілікте әдебиеттен хабары бар адамның жоқ болғаны ма?