Түркістанның әкіміне тағы бір міндет жүктелді

773
Түркістанда партия филиалының кезектен тыс ХХХIV конференциясы өтті

«Нұр Отан» партиясының Түркістан қаласындағы филиалы мүшелерінің кезектен тыс ХХХIV конференциясы өтті. Саяси шараға облыс филалының басшылары және ауданның 182 делегаты, қоғамдық бірлестік, әкімдіктің өкілдері қатысты. Күн тәртібіне енгізілген екі мәселе былтырғы жылы атқарылған жұмыстың есебі мен партия филиалының төрағасын сайлау.

Конференцияға қатысушылар  «Нұр Отан» партиясының Түркістан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек  Темірбаевтың есебін мұқият тыңдап, бірі «жақсы», енді бірі «қанағаттанарлық» деген баға   берді. Тоқ етері есеп қабылданды.

Жарыссөзге шыққандар білім сапасына аса мән беру қажеттігін, жастарды жұмыспен қамту, рухани жағынан тәрбиелеуге көңіл бөлуге шақырды. Және Елбасының  тапсырмаларын орындауға жұмыла кірісу қажеттігі де баса айтылды.

Үмбет Жүміпбаев, облыс мәслихатының депутаты: «Бүгінде  барлық жағдай жасалған. Жұмыс істеймін десең де, оқимын десең де. Сондықтан да балаларға бағыт-бағдар беретін ұстаздар өздері білікті болуы тиіс. Мен олардың деңгейі жаман деуден аулақпын. Алайда кәсіби шеберліктерін үнемі арттырып отыруы қажет. Құдайға шүкір балаларымыз шетелде білімін жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұл дегеніміз бізде де білім жүйесі жақсы. Одан да жоғары болуға  ынталануымыз керек. Болашағымыз жастардың қолында. Ертең олар ел басқарады. Ал қалалық филиалдың жұмысы қанағаттанарлық».

Қазақстандағы көшбасшы партияның мүшелері Елбасының бес әлеуметтік бастамаларының киелі шаһарда жүзеге асырылуын қадағалап қана қоймай, білек сыбана жұмыс атқармақ. Олардың бұл құлшынысын жаңа төраға басқарып қана қоймай, өзі де сол бастамалардың  Түркістанда  жүзеге асыруға міндетті. Қатардағы партия мүшелері қала әкіміне сенім артып, жаңа жүктеме жүктеді.

Түркістан қаласының әкімі Тәжібек Мұсаев «НұрОтан» партиясы Түркістан қалалық филиалы төрағасы болып сайланды

Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласының әкімі: «Артқан сенімдеріңіз үшін рахмет. Сенімдеріңіздің үдесінен шығуға тырысамын. Партиямыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының берген тапсырмаларын сіздермен бірлесе отырып  орындаймын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, сондықтан да барлықтарыңызды барлық  игі басталарды жергілікті жерлерде жүзеге асыруға  шақырамын. Тағы да сенімдеріңіз үшін үлкен рахмет».