Жұқпалы аурулардан екпе ғана қорғайды

875

«Сау бала – бақытты ана». Шымкентте осындай атаумен әлеуметтік-ағартушылық семинары өтті. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған жиынға дәрігерлер мен ата-аналар қатысты. Мақсат – бала денсаулығын қорғау, ашық диалог алаңында жұқпалы ауруларды иммунопрофилак-тикалаудан бас тарту себептерін анықтау.

Иммунопрофилактикалау дегеніміз не?
Алдымен осы сұраққа жауап берелік. Мәселен, перзентханада дүниеге келген балаға төрт күн ішінде АКДС, БЦЖ, полиомиелит секілді үш бірдей екпе жасалады. Нәрестенің ағзасына аурудың алдын алу үшін әлсіретілген вирустардың немесе гендік модификацияланған клеткалардың негізінде әзірленген препараттар егіледі. Бұл екпелер баланы жұқпалы ауруларға шалдығуынан қорғайды.
Сосын екпе күнтiзбесiне байланысты бала 1 жасқа толғанша 14 түрлi екпе қабылдайды. Айталық, 2 айлығында — дифтерияға, сіреспеге, көкжөтелге, полиомиелитке, гемофильдік инфекцияға, вирустық «В» гепатитіне, 3 айлығында — дифтерияға, сіреспеге, көкжөтелге, полиомиелитке, гемофильдік инфекцияға қарсы, 4 айлығында — дифтерияға, сіреспеге, көкжөтелге, полиомиелитке, гемофильдік инфекцияға, вирустық «В» гепатитіне қарсы екпе алады. Ал 1 жаста — полиомиелитке, қызылшаға, қызамыққа, эпидпаротитке қарсы егу жасалады. 1 жас 6 айлығында дифтерияға, сіреспеге, көкжөтелге, гемофильдік инфекцияға қарсы қайталап егіледі. 6 жас-та туберкулезге, дифтерияға, қызылшаға, қызамыққа, эпидпаротитке қарсы қайталап егілсе, 12 жаста дифтерияға қарсы егіледі. Ал 16 жастан әр 10 жыл сайын (26 жас, 36 жас, 46 жас, 56 жас) дифтерияға, сіреспеге қарсы егілуге тиіс.
Осылайша дәрігерлер: «Екпе арқылы денеге вирусты жіберіп, ағзаның онымен күресуі арқылы ауруға қарсы тұратын иммунитетті қалыптастырамыз»,- дейді. Екпені түр-түріне қарай ауызға тамызады, санға, білекке, башпайға егеді.

Екпеден бас тартатындар саны 7 есе өскен
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаеваның айтуынша, екпе егілмеген балалардың иммунитеті әлсіз болады. Ол бала қоршаған ортадағы түрлі жұқпалы ауруларды тез қабылдайды. Кейін жұқтырып алған ауруы эпидемиологиялық асқынуға әкеп соғатын көрінеді.
– Екпе алмаған баланың жұқпалы ауруымен ауыруы өзіне және айналасына қауіпті. Десек те, қазір иммундау мәселесі өзекті болып тұр. Себебі, соңғы кезде екпеден бас тартып жатқан ата-аналар көп. Мамандар екпе егілмеген баланың иммунитеті әлсіз болатынын әрдайым ескерткенімен, жас ата-аналар бұған құлақ асар емес,-дейді бас сарапшы.
Нұршай Әзімбаеваның сөзінше, бас тартатындардың бір парасы – «баланың ағзасына дәрі жіберу шариғатқа қайшы» дегенді алға тартады екен. Енді бірі – вакцинаның сапасына, дәрігерлердің оны дұрыс егетініне күдікпен қарайтын көрінеді. Арасында вакцинацияның не үшін жүргізілетінін білмейтіндер бар екен. Нәтижесінде, қызамық, көкжөтел, дифтерия, эпидемиялық паротит секілді аурулар жиі бас көтеріп, балалар зардап шегуде. Мәселен, 2017 жылы Ақтөбеде ата-аналары екпе салдырудан бас тартқан жиырма балада туберкулез анықталыпты. Ал Астана қаласында жыл сайын екпе салдырмаған 200 баланың 150-інде жеке инфекциялар анықталып жатады.
ОҚО-да ұл-қызына екпе жасатудан бас тартқан 1231 ата-ана бар. Олардың 64%-ы діни теріс ағым жетегіндегі азаматтар. 13 %-ы интернетте таралған мәліметтерге сеніп, екпеге келісім бермейді. Тағы жүзден астам ата-ана балаларының денсаулығы төмен екендігін алға тартып, иммундауға қарсы екенін білдіріпті.

Кері әсері қандай?
Егуге қарсы ата-аналардың да өз айтары бар. Олар бұған дейін балаға екпе салудан болған кері әсерлерді, қайғылы оқиғаларды мысалға келтіреді. Мәселен, 2003-2004 жылдары Сербияда шығарған БЦЖ вакцинасын қолдану нәтижесiнде елiмiздегi мыңнан астам сәбидiң қолтықасты лимфа бездерінің iсуі тіркелді. Соңы асқынуға ұласқанына қарамастан бұл вакцинаны қолдануды тоқтату туралы бұйрықты Денсаулық сақтау министрлiгi тек 2004 жылы 17 ақпанда шығарды. Көптеген нәрестеге осы вакцинадан соң оталар жасалды. 23 ата-ана ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiн сотқа берiп, оларға 50 мың теңгеден өтемақы төленгенi бар. Осыған қарап екпеге деген күмәннің туындайтыны жасырын емес. Дәрігерлер қайғылы жағдайдың орын алуына ата-ананың да кінәсі барын айтады. Себебі, ата-ана баласы ауырып тұрғанын жасырып, «қайта келіп жүретін уақытым жоқ» деп, баласына вакцина салдыртады. Мұндайда кері әсері болса, кінәсін мойындағысы келмей, айыбын дәрігерлерге не вакцинаға аудара салғанды құп көреді. Осылайша халық арасында теріс пікір қалыптасады.

Манар Смағұл, ҚРДСМ ҚДСК СЭС-М ҒПО департаментінің директоры:
– Екпені көбіне ақтөбеліктер салғызбауда. Бүгінгі таңда мұнда иммундаудан 2,5 мың баланың ата-анасы екпеден бас тартты. Олардан алматылықтар да қалыс қалмайды. Алматыда 2000 баланың әке-шешесі екпе салдыртуға қарсы. Үшінші орында Қарағанды мен ОҚО тұр. 1200-ге жуық баланың ата-анасы баласына екпе салдыртпай отыр.

Жұмағұл Медетов, ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:
– Вакцинация мәселесіне келгенде халық арасында ағарту, түсіндіру жұмысын жүргізу аса қажет. Бұл жұмыс жүйелі түрде өткені абзал. Соңғы кезде жас ата-аналардың білікті дәрігерлердің емес, әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға көбірек сенетіні алаңдатады. Жалған ақпараттардың әсерінен жастардың екпеден бас тартып жататынын көреміз. Түсіндіру жұмыстарына шақырғанда, келмейтін ата-аналар да көп.

Самиға Темірова, көпбалалы ана:
– Төрт балам бар. Ешқайсысына екпе жасатпадық. Өйткені, туылғанда денсаулығында кінәрат болды. Мәселен, үлкенімнің бас ми қысымы болса, егіздерімнің жүрегі ауырады. Дәрігерлер екпе жасатуға болмайтынын айтты. Алайда күйеуім екеуміздің де екпе жасатуға деген көз қарасымыз оң. Ешқандай қарсылық танытып отырғанымыз жоқ.

Ерболат, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
– Мен екпе жасатуға түбегейлі қарсымын. Себебі ауданымдағы дәрігерлерге күмәнмен қараймын. Олардың біліктілігіне сенбеймін. 6 айлық баламның дене қызуы көтеріліп ауырғанында 8 күн бойы «цефазолин» салудан басқа ем жасамады. Алайда баламның беті бері қарамады. Сосын баламды Ташкентке алып бардым. О жақтағы дәрігер балама дұрыс ем тағайындалмағанын айтты. Содан кейін дәрігерлерге деген сенімім қалмады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ