ОҚО көрермендері Өзбекстан театрының өнерін тамашалады

468

Оңтүстік Қазақстан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 10-14 мамыр күндері аралығында  Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының жылына орай Өзбек ұлттық академиялық драма театрының өңірге гастрольдік іссапары басталды, деп хабарлайды inform.kz.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған жыл аясында өңірге келген өзбекстандық өнер ұжымы Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында Эркин Хушвақтовтың «Көңіл» комедиясын сахналады. Қос елдің мәдени байланысын нығайтуға арналған шараның ашылу салтанатына  Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысып, өңір басшысының арнайы  құттықтауын жеткізіп, ізгі ниетін білдірді.

Осы орайда, Өзбек ұлттық академиялық драма театрының директоры, Өзбекстанға еңбегі сіңген әртіс, «Мехмат-Шухрат» орденінің иегері Фатхулла Масудов көрші елдер арасындағы байланыс пен мәдени қарым-қатынастың беріктігін сөз етті. Шараға өңіріміздегі мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Эркин Хушвақтовтың «Көңіл» комедиясы 12 мамыр күні сағат 16:00-де Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық мәдениет үйінде жалғасады,  13 мамыр күні сағат 16:00-де Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында гастрольдің салтанатты жабылуы өткізіледі.