Úı ANONS Бедеулік белең алып барады

Бедеулік белең алып барады

Бедеулік — қазір тек дәрігерлер ғана емес, отбасылар тарапынан да жиі айтып жүрген өзекті мәселе. Дәрігерлер соңғы уақытта бедеулік пен нәрестелердің толық қалыптаспай туылуы артқанын айтып дабыл қағады. Проблеманың туындау себебі де әр түрлі.

Өмірге дені сау сәби әкелуді қалайтын отбасы алдымен өз денсаулығын толық тексерістен өткізу керек. Мамандар мәселенің шешімі- жүктілікті жоспарлау дейді. Қиындықтар туындаған жағдайда емделіп, тек содан кейін ғана жүктілікке дайындалу керек. 6 жыл осы салада  қызмет еткен Құрманғазы  Мәулібеков қоғам арасында сәби сүюге дайындық жайлы түсінік толық қалыптаспаған дейді

Құрманғазы  Мәулібеков, Тренинг қатысушысы: «Қоғамда түсінік 50/50. Бізде көп жұптар әсіресе ер адамдар тарапынан қиындықтар туындатады. Әйел адам енді өзі жүкті болғаннан кейін 9 ай көтергеннен кейін олар міндетті түрде келеді. Басым көпшілігі. Ал ер азаматтары көбінесе мән бермейді».

Мамандар осындай немқұрайлық соңғы уақытта бедеулік пен белсіздіктің белең алуына себеп болып отырғанын айтады. Басты проблема, дертке душар болғандар қатарында тек әйелдер ғана емес, ер адамдардың да саны артып отыр.

Галина Александровна,  Акушер-гинеколог: «Статистикаға сүйенсек әрбір екінші жұпта ер адамда бедеулік фактілері тіркеліп отыр. Сондықтан біз тек әйелдерге емес ер адамдарға да тексерістен өтуге кеңес береміз. Бұл әлемдегі өзекті мәселелердің бірі деуге болады. Сондықтан осы тренингте жүктілікті жоспарлаудың маңызын түсіндіреміз».

Тамақтану режимінің бұзылуы, тез дайындалатын өнімдерді тұтыну, семіздікке әкелетін фаст-фуд немесе көше тағамдарын қолдану. Мамандар дәл осы қарапайым ғана әдеттерді, ауруға душар ететін себептердің бірі ретінде көрсетіп отыр.

Әлия Сағидулақызы, Тренинг спикері: «Зиянды әрекеттер, зиянды заттарды көп қолдану, темекі шегу, алкоголь қолдану,нашақорлық  деген сияқты осы заттарды шамадан тыс қолдану нәтижесінде бедеулікке әкелуі мүмкін. Немесе әр түрлі сырқаттардың дамуына жол беруі мүмкін».

Айта кетейік, мамандар бұл мәселе бойынша жыл басынан бері түсіндіру жұмыстарын қарқынды  түрде жүргізіп келеді. Қазірге дейін тұрғындардың 60 пайызын қамтып үлгерген. Сала өкілдері жүргізілген жұмыстардан жақсы нәтиже күтіп отыр.

Ботакөз Әнуар