Мақтарал ауданында салық түсімдері қадағалауға алынып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асыру мақсатында негізгі 4 бағытқа басымдық берілетін болады. Сонымен қатар, мақта дақылын зиянкестерден қорғау, тазарту мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылмақ.

Бұдан бөлек, аудан көлемінде өндіріліп, шетел мен Солтүстік облыстарға жөнелтіліп жатқан бақша өнімдері есепке алынбақ. Бүгін бұл туралы аппараттың кеңейтілген отырысында Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудан бюджетінің игерілуі мен индикаторлардың мерзімді орындалу барысы болды. Бұл туралы ауан әкімінің орынбасары Б.Төребеков баяндама жасады. Оның айтуынша, 2016-2020 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасында 35 нысаналы индикатор және 73 тікелей нәтиже бойынша көрсеткіштер жаман емес.

Алайда, 2018 жылдың 5 айында 4 индикатор және 2 түпкілікті нәтиже көрсеткішінде көрсеткіштер төмен болып отырғандығын жеткізді. Ол үшін аудандық дербес бөлім мен ауылдық округ әкімдіктерінің есепшілері аудандық экономика қаржы бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып жұмыс істеп, орын алып отырған кедергілерді тездетіп шешу керек. Мәселеге қаныққан аудан басшысы тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Жоғарыда аталған индикаторлар мен тікелей нәтиже көрсеткішінің алдағы 6 айдың қорытындысы шыққанға дейін орындалуы тиіс. Осы ретте қала, кент, ауылдық округ әкімдері бюджеттің игерілуі мен индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін аз ғана уақыт беріледі. Сондықтан баршаңызды қаржы игеруде барынша мұқият әрі заң аясында жұмыс істеуге шақырамын» , – деді Жамантай Қанайұлы.

Жиын барысында игілірмей қалу қаупі бар делінген қаржылардың себеп-салдары талқыланып, тиісті сала басшыларының уәждері тыңдалды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің көлемі, өңдеу өнеркәсібі өнімінің нақты көлем индексі, халықтың туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы және көшелерде жасалған қылмыстардың үлес салмағы жөніндегі индикаторларға негізгі басымдық берілді.

Жиынды қорытқан аудан әкімі өңірдегі тазалық мәселесін де ұдайы бақылауда ұстауды ескертіп, тапсырмалардың уақытылы әрі орындалуын қадағалауды тапсырды.