Úı ANONS Қоғамдық қауіпсіздік: Нәтиже мен мәселе

Қоғамдық қауіпсіздік: Нәтиже мен мәселе

Шымкентте қылмыстық ахуал тұрақты. Бұл туралы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ішкі істер департаментінің өкілі мәлім етті. Оның айтуынша, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде қала аумағында тіркелген қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Әсіресе, қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтар мен ұрлық дерегі азайған. Десе де, түнгі ойын -сауық орталықтарымен күресу қиын болып отыр дейді Ұлықбек Мылтықов.

 

Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Ұлықбек Мылтықов өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және жол-көлік оқиғаларын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының жұмысына заманауи технологияларды енгізу де оң нәтиже беріп отырғанын жеткізді. Айтуынша, қала аумағына орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен жүздеген қылмыс дер кезінде анықталып, ашылған.

 

ҰЛЫҚБЕК МЫЛТЫҚОВ,  ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Осы жылдың өзінде ойын-сауық орындарынан  «102» арнасына барлығы 2800 шақырту түсіп, полиция нарядтары шақырылған. Қазіргі уақытта түнгі ойын-сауық орындары  қылмыс ошағына айналып отыр.  Онда, мас халде қылмыстар жиі орын алады, сондай-ақ ол жерден мас халде шыққан адамдар қылмыс жасайды. Ойын-сауық орындарында алкогольдік өнімдер тәулік бойы  сатылады, жұмыс режимінде шектеу жоқ, «соңғы келуші азамат» кеткенге дейін жұмыс жасайды, кәсіби күзет қарастырылмаған».

 

Профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде, жауаптылар жиі шағым түсетін ойын-сауық орындарын бақылауға алды. Тексеру барысында кәмелетке толмағандарға алкоголь сату және лицензиясыз қызмет көрсету фактілері анықталып, қылмыс жиі тіркелетін 11 нысанның жұмысы тоқтатылды немесе қызмет бағыты өзгертілген. Алайда, соған қарамастан, кейбір мекемелер атауын өзгертіп, жұмысын жалғастырған. Ал қоғамдық кеңес мүшелері болса, рейдтік жұмыстарды көбейту керек. Қала берді түнгі 12 -де ойын-сауық орталықтарының жұмысын тоқтату керек деп отыр.

 

КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ: «Алматыда, Қызылордадан келіп рейд өткізу міндетті емес қой. Өзіміздің жігіттердің күшімен, сол кездегі жалпы көрсеткіштің 80 пайызын біздің жігіттер орындады. Сондай жерлерге барып, тәртіп келтіруге болады ғой. Машина алып барып, аямай».

 

Бұдан бөлек кеңес мүшелері жиында саябақтарда  қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ақсап тұрғанын жеткізді. Мәселен, балалар арасында кеңінен танымал дрифткар, самакат сынды көліктерден аяқ алып жүре алмайсың деп отыр.

 

ТӨЛЕХАН ҮСІПБЕКОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ: «Өткенде бір адамның аяғын сындырып кетіпті. Бір кісіні қағып кетіпті. Ол жерде полицияның пункті бар. Полиция қауқарсыз. Неге соны тәртіпке келтіре алмаймыз. Бала да жүреді, екіқабат әйелдер де жүр. Коляскалардың арасынан самакат деген зуылдап өте береді. Тәртіпке шақыруға мүмкіндік бар ма?».

ҰЛЫҚБЕК МЫЛТЫҚОВ, ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Мүмкіндік бар.  ҚР заңына өзгерістер енгізілген. Екінші шілдеден бастап, автокөліктер ретінде оларға нөмірлер береді. Құжаттар беріледі. Екінші шілдеден бастап, тіркеусіз жүрмейді».

 

Айта кетейік, қалалық желіде 200571 камера орнатылған. Оның ішінде 45 мыңнан астамы жедел басқару орталығына қосылған. Ал бет-әлпетті тану бойынша 217 камераның көмегімен 121 тұлға анықталған. Бұдан бөлек, 11 дронның көмегімен 485 құқықбұзушылықтың беті ашылған.

Нұргүл Жолымбетова