Депутаттар сапасыз құрылысты сынға алды

405

Мемлекеттік бағдарлама аясында беріліп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы мәслихат депутаттарын алаңдатып отыр. Халық қалаулылары «су жаңа баспаналар асығыс беріледі. Жылдар бойы тұрғын үй кезегін күткен жұртшылық жаңа қонысқа көшкенде-ақ түрлі түйіткілдерге тап болады. Сондықтан да нысанды қабылдау кезінде комиссия құрамына депутаттарды да енгізу қажет», – дейді олар.

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» талқылау мақсатында өткен кездесуде айтылды.

Мәлік Әбдінұров, Шымкент қаласы тұрғын үй секторының меңгерушісі:
«Қазір қала бойынша 36 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бірнеше категория бойынша пәтерін күтуде. Былтыр 4 жарым мыңнан аса тұрғынды баспанамен қамтыдық, биыл бұл көрсеткішті 5 жарым мыңға жеткізу жоспарда бар.

Қазір шаһарда тұрғын үй құрылысы қыз-қыз қайнап жатыр. Елбасының «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алуға құжаттар азаматтардан шілде айынан бастап жүзеге асырылатын болады. Бүгінде құрылыс жалпы аумағы 149 мың шаршы метрді құрайтын 2 жарым мыңға жуық пәтер құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 800-ге жуығы жыл соңына дейін беріледі деп күтілуде.