Электронды форматта 554 қылмыстық іс тіркелді

559
zakon.kz

Ең алғаш электронды форматта қылмыстық істерді қарау жобасы ОҚО Түлкібас ауданының полицейлерімен енгізілді, деп хабарлайды ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.

Өткен жылы Түлкібас ауданының әкімшілігімен пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін 7 млн. теңге бөлінді. Жаңа жоба 2017 жылғы 19 қыркүйек пен 25 желтоқсан аралығында іске асырылды. Тәжірибе көрсеткендей, тергеу жұмысына көп уақыт бөлініп, қағазбастылық азайды. Бұл «Е-қылмыстық іс» жобасының бір ғана басымдығы екенін атап кету керек.

Жыл басынан бері ҚР ҚПК-не арнайы 42-1 бабы енгізілді, қылмыстық сот өндірісінің форматы анықталды. Сондай-ақ, Бас прокуратураның ағымдағы жылдың 3 қаңтарында бекітілген электронды форматтағы сот өндірісі нұсқаулығы енгізілді.

ОҚО облыс электронды түрде қаралып жатқан қылмыстық істер бойынша 1 орында тұр. Сондай-ақ, алғашқылардың бірі болып, Оңтүстік Қазақстан облысы қылмыстық істі сотқа жолдағанын ерекше атап өтсек артық болмас.

Бүгінгі таңда жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында электронды түрде 554 қылмыстық іс тіркеуге алынды: 199 іс сотқа жолданды, оның 121-інде соттың шешімі бар.

Аталған жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қолданатын шара ретінде атап өтуге болады. Осының арқасында бүгінде санкция соттардан тікелей электронды форматта алынып отыр. Бұрын бұл үшін тергеуші прокурор мен соттың арасында үш-төрт күн жүретін болса, қазір оны кабинеттен шықпай-ақ екі-үш сағаттың ішінде алады. Құжаттар қағаз сияқты жоғалмайды. Цифрлық формат ең алдымен адам құқының қорғалуын күшейтеді. Мұнда барлық процесс алақандағыдай көрініп тұрады.

Тоқ етерін айтқанда, бұл жоба құқық қорғау қызметін жоғары құқық қорғау талаптарына сай етіп, процессуалдық негізін сапалы түрде жетілдіреді. Бұл құжат нормаларын тиісті деңгейде жүзеге асыру қоғамның тұтас құқық қорғау жүйесіне деген сенім деңгейін арттырады.