Күнгейде IT саласын мүмкіндігі шектеулі жандар меңгеріп жатыр

477

Күнгейде IT мамандарының қатары анағұрлым артады. Себебі бұл үшін тегін мектептер ашылып қана қойған жоқ, жаңа технологияны меңгеруге құлықты жандарға шәкіртақы да тағайындалып отыр. Оқу орталығын тәмамдаған түлекке тұрақты жұмыс да қарастырылмақ. 

Бағдат Орынбасаров – 28-жаста. І топ мүгедегі. 5 жыл бұрын құрылыс аумағында қайғылы жағдайға тап болып, омыртқасы сынып, қоларбаға таңылды. Десе де жаны білім мен ғылымға құштар кейіпкеріміз мойыған жоқ. Ізденіп, қоғамға қажет саланы меңгеріп жүр. Қазіргі арманы – тұрақты жұмысқа тұрғысы келеді.

Күнгейде IT Start мекемесі ұсынған бұл жобаның жүзеге асқанына көп уақыт болған жоқ. Осы жылдың сәуір айында қолға алынған. Әзірге мұнда 30 адам білім алып, ІТ саласы бойынша сауатын арттыруға көшкен. Бастысы, жаңа технологияны меңгеруге құлықты жандарға шектеу жоқ. Жас ерекшелігі де ескерілмейді. және оқу шығынын толығымен мемлекет қаржыландырып жатыр.

«ІТ старт» мекемесінің жобалық уақыты, яғни, ІТ жаңа технологияны жаттап-меңгеру мерзімі – 3 ай. Енді осы тоқсан күннің ішінде жерлестеріміз айтулы саланы меңгеріп, заманауи техникаларды, сан түрлі бағдарламаларды сақадай, еркін еңсеріп шығады. Ең бастысы, тұрақты жұмыс іздеп сабылмайды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, түлектерді жұмыспен қамтуды өз мойындарына алған.