Мақтаралда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 18 жоба жүзеге асырылады

567
Мақтарал ауданы әкімдігі

Мақтарал ауданында «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бірыңғай бағдарламасы аясында 2017 жылы құны 1163,1 млн. теңгені құрайтын 17 жоба өңірлік үйлестіру кеңесімен мақұлданып, қолдау тапты, – деп хабарлайды Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Оның ішінде банк несиелерін пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша 8 жобаға «Еуропа Даму банкі» тарапынан жалпы 223,1 млн. теңгеге несие қаржы бөлінді. Бұл туралы Мақтарал ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев мәлім етті.

Ал, 2018 жылдың 3 айында аталмыш бағдарламаның аясында жалпы құны 167,0 млн. теңгені құрайтын 6 жоба қолдау тауып отыр. Атап айтқанда банк кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға құны 57,0 млн. теңгені құрайтын 3 жоба мақұлданып, жүзеге асырылуда.

«Биыл сондай-ақ, банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге құны 10 млн.теңге құрайтын 1 жоба, «Инфрақұрылымды дамыту бағыты» (электр желісі, газ құбыры, ауызсу ұңғымасы,) бойынша құны 100,0 млн. теңгені құрайтын 1 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр. Осы кәсіпорындарда қосымша 25 адамға жаңа жұмыс орындары ашылып, қосымша бюджетке 4,8 млн теңге салық төлемдерінің түсуі күтілуде. Сондай ақ, жыл соңына дейін 18 жобаны іске асыру жоспарлануда», – дейді бөлім басшысы.

Банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге жалпы құны 78 млн. теңгені құрайтын 6 жоба «Даму» кәсіпкерлікті қолдау АҚ арқылы қолдау тауып отыр. Ал қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құны 885,0 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылмақ.

Бұдан бөлек, аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тапсырмасымен өңірдегі барлық кәсіпкерлік нысандарын анықтап, тіркеуден өткізу, олардағы салық түсімдерінің шынайылығын зерттеп-зерделеу жұмыстары жалғасуда. Бұл ретте ауданымызда құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компанияларды уақытша тіркеуге қою сол арқылы салық түсімдерін ұлғайту көзделуде.