ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ғимаратында облыс әкімшілігімен бірлесе отырып оңалту және банкроттық саласындағы проблемалық мәселелер бойынша семинар-кеңес жүргізілді.
Шараға облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары, ОҚО Әділет департаментінің өкілдері және облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының өкілдері мен әкімшілер, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің және аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері қатысты.
Семинар-кеңесті облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбетәлиев ашып, қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, мемлекетіміз 30 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатында қабылданған «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасының жүзеге асыру жолдары нақты белгіленгенін айтты.
Сонымен қатар, департамент басшысы басқосуда нарықтық экономика талаптарына сәйкес, көптеген мекеме қызметкелері қаржылай-шаруашылық жұмыс барысында объективті және субъективті себептерге байланысты түрлі қиындықтарға кезігіп, борышкерлер тарапынан төлем қабілетсіздігі сынды жағдайларға ұшырайтынын жеткізді. Мұндай кезде борышкерлердің төлем қабілетсіздігін және «Төлем қабілетсіздігін шешу» индикаторы бойынша Дүниежүзілік «Doing business» Банктің рейтингісінде Қазақстанның позициясын көтеру және нығайту мақсатында бірнеше шаралар қолға алынғандығын айтты.
ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Банкроттық және оңалту салысында уәкілетті орган ретінде оңалту және банкроттық рәсімдерінің жүргізілуіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратындығын көрсетіп, бүгінде 410 мекемеде 293 млрд. теңге көлемінде кредиторлық берешегі бойынша банкроттық рәсімдер жүргізілуде.
Семинар барысында әкімшілер мен мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері және қатысушылардың арасында диалог орнап, олардың әкімші қызметін жүзеге асыруы кезіндегі және банкроттық саласындағы туындайтын өзекті сұрақтары мен ұсыныстары талқыланып, көптеген сұрақтарға жауаптары алынды.
Семинар-кеңестің қорытындысы бойынша банкроттық рәсімдерінің жүргізу жұмыстарын созбаландыққа салмай, қарқынды жүргізілуін жалғастыруды және борышкер мекемелердің лауазымды тұлғаларын субсидиарлық жауапкершілікке тарту туралы сот шешімдерін орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ОҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, ОҚО Әділет департаменті, ОҚО жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы және «Жетысу» банкроттық рәсімдері бойынша кәсіби меңгерушілер Одағы» аймақтық қоғамдық бірлестігі арасында төрт жақтама мемарандум бекітілді.