Шымкент мегаполиске, Түркістан облыс орталығына айналады

1171

Шымкенттің миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келді. Шымкентті мегаполис қала атануға бір табан жақындатқан сәбидің есімі әзірге құпия. Жақын күндері салтанатты түрде жария етіледі. Соған дейін қала әкімдігі Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру жұмысына кірісіп кетті. Бұған қоса соңғы бірнеше жыл көлемінде елді елеңдеткен «облыс орталығы Түркістанға көшеді» деген ақпар расқа айналды. Көпті шулатқан әңгіменің ақиқаты облыстық мәслихаттың кезектен тыс 23-сессиясында мәлім болды.

Шымкентке жаңа мәртебе беріледі
Бұл шаруаның алғышарттарының бірі ретінде 5 маусым күні таңертең қалалық мәслихаттың кезектен тыс 29-сессияында қала әкімдігі мен мәслихаттың Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау туралы бірлескен шешімге қол қойылды. Дәлірегі, сессия отырысында қалалық мәслихаттың 28 депутаты аталған ұсынысты облыстық мәслихаттың қарауына жіберуді қолдап, дауыс берді.
Сессияда Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев 5 маусымның тарихи құжатқа қойылған маңызды күн екенін айта келе Шымкенттің республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызу бағытында ауқымды жұмыстардың басталғанын мәлімдеді.
«Жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шымкент қаласын миллион тұрғыны бар қала деп жариялады. Бұл – тек қаламыздың ғана қуанышы ғана емес, сонымен қатар республикамыздың жетістігі. Қазақстанның дұрыс бағытта екенінің көрсеткіші. Мегаполис статусы қалаға үлкен мүмкіндіктер береді. Шымкенттің еліміздегі үшінші мегаполиске айналуы – әрбір қала тұрғыны үшін маңызды тарихи сәт. Жоспар көп, барлығы мәслихат депуттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асады» деді Нұрлан Сауранбаев.
Сессия отырысына ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысып, баршасының тарихи оқиғаға куә болып отырғанын айтты.


«Елбасымыздың бастамасымен бірнеше жыл бұрын, дәлірегі 2014 жылдан бастап Шымқаланы миллион тұрғыны бар орталыққа айналдыру мәселесі көтерілген болатын. Содан бері қала халқының саны артып келеді. 2017 жылдың қорытындысына сәйкес, облыс орталығы тұрғындарының халық саны 39 мың адамға өсті. Мұның 18 мыңы ішкі көші-қон есебінен артты. Қаламыздың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келді. Аты-жөні тарихқа жазылатын бақытты сәбидің есімін таяуда салтанатты түрде жариялаймыз» деген ол:
«Бүгінгі оқиғаны бір жағынан 1997 жылы Елбасымыздың бастамасымен Қазақстан астанасының Ақмолаға көшірілуімен теңестіруге болады. Себебі, әрбір дүниеге келіп жатқан төртінші бала, әрбір төртінші қазақ өмір сүріп жатқан Оңтүстік өңірі – Елбасымыз айтқандай, қазақылықтың, қазақы дәстүрдің, салт-сананың орталығы. Қала бюджетінің кірістері бұдан кейін көбейе береді. Біршама субвенция сақталады. Енді Шымкенттің жаңа дәуірі басталады» деп қорытындылады.

Түркістан ауылдары Кентауға өтеді
Содан кейін алтыншы шақырымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма үшінші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысына, дәлірегі Шымкент қаласы халқының бір миллионға жетуіне орай оған ерекше мәртебе беріп, облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және соған байланысты облыстың, Түркістан мен Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
ОҚО әкімдігінің қаулысы және облыстық мәслихаттың шешімімен мынадай ұсыныстар ҚР Үкіметіне жолданды:
1. Шымкент қаласының аумағы өзгеріссіз қалып, облыстан бөлініп шығады. Осылайша облыс аумағы 116 280 гектарға қысқарады;
2. ОҚО орталығы Түркістан қаласына көшіріледі;
3. Түркістан қаласының облыс орталығына айналатыны себепті қалаға қарасты Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Ораңғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал – барлығы 12 ауылдық округтің жалпы аумағы 721 745 гектар жері Кентау қаласы әкімдігінің қарамағына өтеді. Осылайша, Кентау қаласының аумағы жаңа шекараларының есебінен 774 512 гектарға ұлғаяды.
Мұнда басты ескеретін жайт, жоғарыдағы сессияда қабылданған шешімдердің бәрі де әзірге жоба ғана. Соңғы нүктені ел үкіметі мен Елбасының жарлығы қояды.

Президент Жарлығының жобасы жарияланған
Мұның алдын ресми басылым беттерінде Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасы жарияланды. Онда
1. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілсін
2. ҚР Үкіметі ОҚО әкімімен осы Жарлықты жүзеге асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын» деп жазылған.
Ал екінші Жарлық жобасында
1. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылсын.
2. ҚР Үкіметі бір ай мерзімде:
«Шымкент қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңының жобасын әзірлеп, белгіленген тәртіппен ҚР Парламентіне енгізсін, делінген.
Айта кетсек, ҚР 1993 жылы 8 желтоқсандағы №№2572- ХІІ «ҚР әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңында республикалық маңызы бар қалаларға – халқының саны бiр миллион адамнан асатын елдi мекендер жатады деп көрсетілген.