Түркістанның болашағын айқындайтын Бас жоспар

1551

Облыс орталығы мәртебесіне ие Түркістан қаласының барлық ауылы Кентауға өтіп, етек-жеңін жинап, қарыштап дамудың, үлкен өзгерістердің даңқты жолына түсті. Күллі әлемнің ел аралап, жер көруге құштар жұртын өзіне тартатын рухани астананың алдағы дамуын айқындайтын Бас жоспарын әзірлейтін үкіметтік комиссия құрылды.

Сонымен, Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының шығыс бөлігінен жаңа қалашық салу үшін 670 гектар жер бөлінді. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, ондағы әкімшілік-іскерлік орталықтың жалпы аумағы 170 гектар аумақты құрайды. Ал 300 гектарына көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызылып, қалашықта 65 мыңға жуық адам қоныстанады. Облыс әкімдігі, территориалды мекемелер, құқық қорғау органдарының күштік құрылымдары, мәдениет үйлері, көрме орталығы, мектеп, саябақ, демалыс орындары орналасады. Туризм саласын түлету үшін Түркістан қаласында жаңа әуежай, мен автовокзал салу жоспарланған. Сондай-ақ, ескі темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтеді.


Мұның бәрі де ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтың жұмыс сапарымен Түркістан қаласына барғанында мәоім болды. Оларға Түркістанның даму жоспарын таныстырды.
«Түркістан көптеген ғасырлар бойы тек Орталық Азияның емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани өмірінің орталығы болды» деген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысының киелі Түркістанды облыс орталығы ретінде белгілеуі туралы шешімі өңірді одан әрі дамытуға септігін тигізетінін айтты.
«Елбасының осы тарихи шешімі жергілікті халықтың өмірін жақсартуға, сондай-ақ жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді», — деді Б. Сағынтаев.


Түркістанды түлету үшін қаланың Бас жос-пары қайта қаралып, әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Маминнің төрағалығымен Түркістан қаласының түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы ретінде дамуына ықпал ететін Бас жоспарды әзірлеу бойынша Үкіметтік комиссия құрылған. Комиссия ҚР Үкіметінің 2011 жылы 30 маусымдағы қаулысымен бекітілген Түркістан қаласының Бас жоспарын (жоғарғы сурет) қайта қарап, облыс орталығына айналуы себепті де қандай да бір қажетті өзгерістерді енгізеді. Осылайша Бас жоспар күзге қарай қайта бекітіледі.

Астаналық қонақтардың Түркістанға іссапары кезінде олардың назарына Түркістан қаласы бас жоспарының даму концепциясы мен «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасын да көрсетті.


Астаналық басшылардың Түркістанға іссапары кезінде оларға «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы және Түркістан қаласы бас жоспарының даму концепциясы таныстырды.
«Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы Қ.А.Яссауи кесенесі маңындағы қорғандарды реконструкциялауға бағытталған. Әзірге «Көне Түркістан» жобасының негізгі идеялық мәнін іске асырудың 2 нұсқасы ұсынылып отыр.

Түркістанның жалпы аумағы  – 19 327 га

Біріншісі «Түрксой» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтарын нақты тарихи сипатта, өзіндік сәулеттік нақышта қалыптастыру жөнінде жобалық ұсыныстарын алу және сол елдерге тиісті нысандарды салдыру. Екінші нұсқасында түркітілдес елдер тарапынан инвестиция салу мәселесімен қатар отандық немесе басқа да инвесторларды тарту жұмыстары қоса жүргізу қаралған.

Тұрғын саны – 162 251 адам

Бұдан бөлек Түркістан қаласы бас жоспарының даму концепциясына сәйкес, келешекте Кентау қаласына өткен бірқатар ауылдар, атап айтқанда Ынтымақ, Қарашық, Еңбекші дихан және Ораңғай ауылдары қайтадан Түркістан қаласының құрамына қосылады. Осылайша әзірге 19 мың гектарды құрайтын қала аумағы 35 мың гектарға ұлғаяды. Мұның бәрі әзірге тек концепция ғана. Нақты шешім келешекте Үкімет деңгейінде қабылданады.

Айтпақшы…

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан деп өзгеріп, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілуінен кейін облыс тұрғындарына құжат ауыстырудың қажеті жоқ. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат агенттігі.
«Барлық жеке куәліктер мен төлқұжаттар заңды күшін сақтай береді және мерзімі аяқталғанда ғана ауыстырылады. Сосын адам белгілі бір жасқа келгенде жаңа куәлік беріледі. Бұдан бөлек, төлқұжаттың барлық парақшалары толып қалғанда ауыстырылады», – деді М.Бекетаев.
Оның айтуынша, облыс орталығын Түркістанға ауыстыруға байланысты қосымша шығындар болмайды. Себебі дайындық жұмыстары алдын ала атқарылды. «Біз аталған территориалдық өзгерістерге дайын-быз. Дайындық жұмыстарын да алдын ала бастадық. Өйткені кез келген жарлықтардың жобалары келісу үшін бізге де жіберіледі. Біз оны көрдік. Сол себепті дайындық жұмыстарын ерте бастап кеттік», – деп атап көрсетті М.Бекетаев.
***
ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қандай облысқа немесе қалаға 17-ші автокөлік коды тағайындалатыны туралы мәселе бүгінгі таңда талқыланып жатқанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz. «Қазір анықтаймыз. Жаңадан қалыптасқан аймаққа берілетін болады», – деді Қ.Қасымов. Сондай-ақ, ол Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ішкі істер департаменттерінің қайда орналасатыны туралы сұраққа жауап берді.
«Бүгін комиссия шығып, аймақ арқылы анықталады. Шымкент қаласының ІІД-і жаңа ғимаратқа көшеді. Ал Түркістан облысы бойын-ша мәселе әлі шешілген жоқ. Сол жерде шешіледі», – деп атап өтті Ішкі істер министрі.

Сауалнама

Шымкент тұрғындарының дені қызмет бабымен облыс орталығы Түркістан қаласына қоныс аударғысы келе ме? Бұл сұрақтың жауа-бы «Оңтүстік Рабат» газеті бас редакторының Facebook әлеуметтік желісінде жүргізген сауалнамасынан мәлім болды.
Сауалнамада «Түркістан облыс орталығына айналды. Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Қызмет бабымен Шымкенттен Түркістанға қоныс аударасыз ба?» деген сұрақ қойылған. Бұған
1. Жоқ, Шымкентте қаламын
2. Иә, Түркістанға кетемін
деген екі жауап нұсқасы берілді.
21 маусым күні жарияланған сауалнамаға 26 маусымға дейін 119 қолданушы қатысты.
Олардың 92-сі бірінші нұсқаны таңдап, Шымкентте қалуды құп көрсе, қалған 27-сі Түркістанға көшуді таңдапты.
Қадірменді оқырман, ал сіз күні кеше республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент қаласынан Түркістан қаласына қызмет бабымен көшуге дайынсыз ба?
Газетіміздің WhatsApp нөміріне, редакциямыздың жұмыс телефонына және электронды поштамызға хат жазып, хабарласыңыз.

WhatsApp: +7 (707)853-54-17

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат» газеті,

№26, 27 МАУСЫМ 2018 ж