Созақтағы Таңбалытасқа зерттеу жүргізіледі

540
Созақ ауданы әкімдігі

Созақ ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Айдарбеков Таңбалытас ескерткішінде зерттеу жұмыстарын жүргізетін экспедиция мүшелерін арнайы қабылдады, – деп хабарлайды Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі. Кәсіби археологтар – тарих ғылымдарының кандидаттары Ғани Ысқақов, Сағынбай Мұрғабаев, PhD Бағдәулет Сыздықов Елбасы мақаласы аясындағы зерттеу жұмыстарының ауқымы мен географиясы, хронологиясы жайлы жан-жақты мағлұмат берді.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» – тарих пен мәдениетке, адамның рухани дамуына және оның туған жеріне деген байланысына негізделе отырып адам мен оның өміріне бағытталған. Осы бағдарлама аясында Оңтүстік облысының Мәдениет басқармасы қаржыландыруымен, ОҚО тарихи өлкетану музейінің тапсырмасымен – «Мәдени мұра» ғылыми-зерттеу орталығы – ОҚО, Созақ ауданында орналасқан Таңбалы жар ескерткіштерінде кешенінді археологиялық зерттеу жүргізілу жоспарланып отыр.

Қолға алып отырған жобаның негізгі мақсаты – белгілі Таңбалы тас ескерткішінің маңайында орналасқан нысандарды археологиялық және этнографиялық тұрғыда зерттеп, олардың Қазақстан тарихындағы маңызды рөлін зерделеу болып табылады» – деп атап көрсетті Ғани Ысқақов.

«Аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштерде жүргізілетін зерттеу жұмыстарына аудан әкімдігі тарапынан толық қолдау көрсетілетін болады, бұл зерттеулер үстіміздегі жылы 90 жылдығын атап өткелі отырған ауданымыздың мерейтойы аясында тындырылған үлкен өнегелі іс болары ақиқат» – деген Бағдат Бегманұлы зерттеуші ғалымдарға жергілікті қаламгер Мақсат Қарғабайдың еңбегін сыйға тартса, өз кезегінде С.Мұрғабаев та аудан әкімінің орынбасарына өзінің Қаратау петроглифтеріндегі зерттеулер жайлы ғылыми еңбегін сый ретінде ұсынды.