Үкіметтік емес ұйымдарға 15 аталым бойынша сыйақы беріледі

409
24.kz

Әлеуметтің әлеуетін арттыруға белсенді араласып, елеулі үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдарды қолдаудың бір түрі – ынталандыру. Бүгінде еліміздегі қоғамдық ұйымдарға сыйақы бөлінеді, деп хабарлайды 24.kz. Бұл үшін үміткерлерден өтінімдер 1 қыркүйекке дейін қабылданады.  Үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы 15 аталым бойынша беріледі.

Олардың қатарында білім-ғылым, ақпарат, спорт, денсаулық, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, отбасылық-демографиялық және халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау сияқты салалар бар. Осы жылы азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу туралы жаңа бағыт қосылды.

Әлия Ғалымова, ҚР ҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы: «Сыйлықақы үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға жәрдемдесу, әлеуетін нығайту мақсатында енгізілген. Сыйлықақы үкіметтік емес ұйымдарға өтеусіз беріледі. Сыйлықақы өлшемі 2 мың айлық есептік көрсеткішті немесе биылғы жылы 4 млн 800 мың теңгені құрайды».

Өткен жылы ақшалай сыйлыққа ие болған ұйымдардың бірі «Право» қоғамдық қоры биыл да ынталандырудан үмітті. Ұйымның «Шанс» әлеуметтік-психологиялық орталығында түзету мекемелерінен босап шыққан немесе зорлық-зомбылық құрбанына айналған балалар мен жасөспірімдерге жан-жақты көмек көрсетіледі».

Ольга Рыль, «Право» қоғамдық қорының төрайымы: «Бізге комитеттен қоңырау шалып, ынталандыру премиясы берілетіндігі туралы хабарлағанда қуанғанымыз рас. Үкіметтік емес ұйымдардың пробация қызметін қолдау санатында жеңімпаз атандық. Бізге бөлінген 1 млн теңгені өңірлердегі филиал қызметкерлерінің жалақысына жараттық. Алдағы уақытта облыстарда тағы 10 орталық ашуды көздеп отырмыз».

Айта кетейік, былтыр 66 сарапшыдан құрылған комиссия 216 өтінімді қарап, 59 үкіметтік емес ұйымға сыйақы бөлді. Олардың қатарында «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы, «Аялы Алақан» қоғамдық қайырымдылық қоры, «Еуропа құқығы мен адам құқығы жөніндегі институты» жеке қоры, «Жанашыр» халықаралық қайырымдылық қоры және т.б. ұйымдар.