“Ұлттық домбыра күнін» ұлықтады

564

«Ұлттық домбыра күні» мерекесі Мақтаарал ауданында ерекше аталып өтті. Ең алдымен, аудандық этномәдени бірлестіктердің төрағалары таңертең перзентханаларға барып, жаңа туған нәрестелерге домбыра сыйлады, деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, дәл осы күні Жетісай қаласында 4 ұл, 4 қыз дүниеге келіпті. Сондай-ақ, Мырзакент, Атакент, Асықата кенттерінің перзентханаларында 12 сәби дүние есігін ашқан. Осылайша жаңа туған сәбилерге ізгі тілек жазылған хат пен қазақтың қара домбырасы тапсырылып, ата-аналарына да арнайы сыйлықтар тарту етілді.

«Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі мақтааралдықтарды ерекше қуантып отыр. Елбасының қолдауымен жүзеге асып жатқан айтулы күн ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыра түседі. Елдегі игі бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан этномәдени бірлестіктердің мүшелері бүгін дүниеге келген сәбилерге қазақтың қасиетті домбырасын тарту етіп, ізгі тілектерін арнады», – деді аудан әкімінің орынбасары М.Жолдасбеков.

Елімізде алғаш рет аталып өтіп жатқан мереке мұнан соң «Абай» гүлзарында жалғасын тапты. Оқушылардан құралған 100 домбырашы Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар» күйлерін орындап, Жетісайдың аспанын әсем әуенге бөледі. Осылайша ұлттық дәстүр мен өнерді жаңғыртып, дәріптеуге жол салатын бұл мереке Мақтаарал ауданында ерекше аталып өтті.