Әлі бала, бірақ ана

1880

Биылдың алғашқы бес айында Түркістан облысында кәмелет жасына толмаған бес жүздей қыз жүкті болып қалған. Бұл тек арнайы тіркеуге алынғаны ғана. Себебі жасырын түсік жасататындар мен құрсағындағы шаранадан құтылу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге бару оқиғаларын да теріске шығаруға болмайды. Бесіктен белі шықпаған ұл-қыздардың ерте жастан жыныстық қатынасқа түсуінің жиіленіп кеткені, өкінішті-ақ. Мұның себебі неде? Ерте жүктіліктің алдын алу мүмкін бе? Қыз бала неше жасында жыныстық тұрғыда толық жетіледі? Көңілді күпті еткен осындай сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

13 жаста, бірақ сәбиі бар
Атам қазақ: «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» дегенді бекер айтпаса керек-ті. Себебі, бойжеткен қыздың соңынан қашан да сөз еретіні белгілі. Әсіресе, жігітпен қол ұстасып түнделетін жүрген жас қыздарға сын тағатындар көп. Ақ босағаны аттамай жатып, жүкті болатындарға саусағын шошайтатындар да әркез табылады.
Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуалиевтың мәліметіне сенсек, күнгейде жылына 14-16 жас аралығындағы 500-дей қыз жүктілігі бойынша тіркеуге алынады екен. Оның айтуынша, кәмелет жасқа толмағандардың арасында жыныстық қатынас жыл өткен сайын белең алып барады. Түркістан облысы бұл жөнінен Алматы мен Жамбыл облысын басып озып, көш бастапты.
Сөзіміз дәйексіз болмауы үшін мысалдарға көз жүгіртейік. Мәселен, сәуір айында Шымкенттегі перзантханалардың бірінде 13 жасар қыз сәбилі болды. 7-сынып оқушысының 50 жастағы анасы қызының кіммен жыныстық қатынаста болғанын білмейтінін айтып, ақталды. Ал күні кеше 14 жасар жүкті қыздың 16 жастағы балаға тұрмысқа шығатыны туралы мәлімет ел құлағын елең еткізді.
Белгілісі – қызының жүкті екенін білген ата-анасы облыстық кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына арыз түсірген. Сот төрағасы Қанатбек Қоңырбаевтың сөзінше, сот отырысында жәбірленуші қыз айыпталушы жігітке ешқандай кінә артпайтынын айтыпты. Ақыры қос тарап татуласып, жастардың некесін қиюға бел буыпты.
Айгүл Абдукаримова, Шымкент қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы:
«ҚР «Неке және отбасы» туралы Кодексінде 18 жастан бастап некеге тұруға рұқсат етілген. Қажет болған жағдайда екі жақтың ата-анасының жазбаша өтініші негізінде неке жасы екі жасқа дейін төмендетіледі. Алайда 16 жасқа жетпегендерді заң жүзінде некеге тіркей алмаймыз. Егер қыз бала осы жаста жүкті болып қалса, онда туылған бала анасының тегіне жазылады».

«Қызымен әңгімелесетін ана аз»


Қоғам дертіне айналып келе жатқан бұл мәселенің бастауын тек жасөспірімдердің өзінен іздеу де дұрыс емес, әрине. Иә, арамызда түрлі себептермен аяғын шалыс басатындар көп. Бірақ, жастайынан ер азаматтардан зорлық көретін қыздардың да бар екенін ұмытпаған абзал. Жасөспірімдердің арасында осындай келеңсіз жағдайдың белең алуына тараптардың бәрі де жауапты. Психологтар «қыз баласы мен анасының арасындағы тығыз байланыс болғанда мұндай келеңсіз жайттар орын алмас еді» деп айтады.

– Баланы тәрбиелеу ананың басты міндеті. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне ананың ерекше мән бергені жөн. Ең дұрысы ана қызы үшін жақын құрбыға айналуы керек. Қыз анасымен сырлас болып, өзін мазалаған ішкі ойларымен бөлісіп, алғашқы махаббаты жайында ашық айта білгені жөн. Ал анасы қызын тыйып ұстамай, оның ойы мен пікірін тыңдауы керек. Сонымен қатар, қыздың — болашақ жар, болашақ ана екенін, басқа үйдің босағасын аттағанда бойын тік ұстап, тәрбиелеп өсірген ата-ананың жүзін төмен түсірмейтіндей етуі үшін табалдырықты пәк болып аттағаны лазым екенін үнемі айтып отыруы артық болмайды. Сонда қыз жамандыққа жолықпайды, – дейді психолог Ләззат Тілендиева.

Маман қыз бала тәрбиесі жайында аналармен жиі-жиі сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен тәжірибеге келгенде психологтардың кеңесіне құлақ асатындардың табылмайтынын алға тартады. Яғни, ана қызымен ашық әңгімеден қашады екен.
– Осылайша ана мен қыз арасында көрінбейтін сызат пайда болады. Қыз баласы анасынан алшақтай түседі. Құрбы-құрдастарына сенім артып, солармен сыр бөліседі. Солардың дегеніне құлақ түреді. Жанындағыларға еліктейді. Бұған интернеттегі ақпараттарды, теледидардағы киноларды қосыңыз. Ол аз десеңіз, еркектеріміз де майдаланып кетті. Бір-ақ түндік қызық үшін аруларымыздың арын аяқ асты етуді әдетке айналдырғандай. Түбінде, опық жеп, бармақ тістеп қалатын тек қыздар ғана,-дейді психолог.

ТҮСІК — ШЕШІМ ЕМЕС
Жасөспірім қыз аяғы ауыр болып қалғанын білгенде күйзеліске ұшырайды. Не істерін білмей қиналады. Жасыратыны жоқ, жауапкершіліктен қашпай қызға үйленіп, баланы қабылдайтындар да бар. Алайда тым аз. Сондықтан да «ыңғайсыз жағдайда» қалған қыздардың көпшілігі – құрсағына біткен баладан құтылудың жолын іздестіреді. Соның бірі – жүктілікті үзу.

– Жасанды түсік жасатқаннан кейін қыздардың болашақта ана бола алмай қалу қаупі басым. Түсік жасату — оңай процесс емес, оның ағзаға келтірер зақымы едәуір. Мұны көбіне қыздар түсінгісі келмейді. Жасанды түсіктен кейінгі ағзадағы асқынулар уақыт өте келе денсаулықты әлсіретеді. Салдарынан бала көтеру қиындай түседі. Жатырға құрсақ біткен жағдайда да көбі босануға дейінгі мерзімді толық атқара алмайды. Бала түсіп қалу жағдайы жиі кездеседі,- дейді Шымкент қалалық №2 емхананың акушер-гинекологы Юлия Музрабшикова.

Ол қыздардың түсіктен бөлек түрлі айла-амалға баратын да айтады. Мұның соңы дімкәс, мүгедек, кемтар сәбидің дүниеге келуіне себепші болады. Нәрестелерін қоқыс жәшігіне, не көп қабатты үйлердің кіреберісіне тастап кеткендер тағы бар.
Аналық мейірімі оянып, бауыр еті баласынан бас тартпай ата-анасының наласына қалған қыздар да жоқ емес. «Сәбидің кінәсі жоқ», «Ата-анам кешірер», «Әкесінің мейірімі оянар» деген үмітпен «Аналар үйін» паналап жүр талай қыз.
Білгеніміздей, ерте жүктілікке душар болған қыздардың көпшiлiгi қиын отбасынан шыққан, ата-аналары күнкөрiс қамымен қыздарының тәрбиесiмен айналысуға мұршасы болмаған. Осыдан-ақ, бұл мәселеде күрестің ең тиімдісі тал бесіктен бастап берілер тәрбиеге тікелей байланысты екенін байқайсыз.

Үрзада Айтөреева, «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының төрайымы:
– Қазақ қыздарының бесіктен белі шықпай жатып, жыныстық қатынасқа түсуі дұрыс емес. Алла Тағаланың берген қыздық қасиетін сақтай алмағаны қыздардың өз тағдырына жауапсыз қарағаны деп білемін. Ондай қыздар келін деген, болашақ ана деген атқа лайықты деп айта алмаймын. Мұндай қыздарға бір әулеттің жауапкершілігін сеніп тапсыруға болмайды.

20 ЖАСТАН БАСТАП ТУУ КЕРЕК
Гинеколог Юлия Артукматқызының айтуынша, жыныстық қатынасқа ерте жастан түсу бірінші кезекте қыз баланың денсаулығына кері әсер етеді.
— Ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу қыздың жыныс жолдарына зақым келтіреді. Яғни, жатыр мен жатыр мойны жарақаттануы мүмкін. Ал бұл келешекте сәби сүю бақытына кедергі келтіреді. Осы жерде айта кетейін, негізі қыздарда 9-12 жас аралығында алғаш рет етеккірі келеді. Бұл – олардың бойжеткендігінің белгісі. Яғни, жыныстық қатынасқа түссе, құрсақ көтеруі әбден мүмкін. Алайда етеккірдің келуі ағза бала көтеруге 100 пайыз дайын дегенді білдірмейді. Себебі, бұл жастағы қыздар физиологиялық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да әлі ана болуға дайын емес, – дейді маман.

Ерте жастан жүкті болу мен босану да қыздардың денсаулығына кері әсер етеді. Қыз баласы күйзеліске ұшырайды. Бұдан бөлек, ерте жүктілік нәрестенің ауру болып туылуына немесе жүктілік кезінде түрлі аурулардың асқынуына әкеп соғады. Немесе босану кезінде жатырдан қан кетуі мүмкін.
«Қыз баласының жыныстық жетілуі 18 жасқа дейін қалыптасады. 19 жастан бастап ішкі ағза толық жетіледі. Дегенмен, солай екен деп ерте жыныстық қатынасқа түсуге асықпаған жөн. Бала көтеруге ыңғайлы кезең – 20 жас».

ҚАЛАЙ САҚТАНАДЫ?
Юлия Музрабшикова сөзінде, жастардың ерте жыныстық қатынасқа түсуінің алдын алу, кездейсоқ жүктіліктен сақтану шараларын үйрету керектігін және оны отбасынан бастау керектігіне тоқталды. Сөзінше, бізде бұл жағы ақсап тұр.

– «Отан отбасынан басталды» дейміз ғой. Бұл мәселеде барлығы отбасына келіп тіреледі. Бірінші қателік – отбасыда ата-анасы балаларына әйел мен ердің айырмашылығы, артықшылығы туралы айтпайды. Жыныстық қатынас және оның салдары туралы мүлдем сөз қозғалмайды. Өйткені ұят санайды. Керісінше, бала соны білуі керек. Батыс елдерінде мектептерде мүшеқап таратылады. Ондағы оқушылар оның не үшін керек екенін жақсы біледі. Бізде де сондай болу керек. Жалпы мүшеқап тек жүктіліктен ғана емес, түрлі аурулардан да қорғайды,-дейді маман.

Қажетсіз жүктіліктен сақтанудың басқа да жолдары бар. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек ішу, жатыр ішілік спиральдар қойдыру, екпелер салдыру. Алайда дәрі-дәрмек пен екпе гормональды препарат болғандықтан қыздың дене бітімі толықсып өзгеруі мүмкін. Бұдан бөлек дәріні үздіксіз көп қабылдағандар, кейін тоқтатқан кезде ұзақ уақытқа дейін бала көтере алмай жүреді екен. Ал спиральдар түріне қарай «Т» және «О» болып бөлінеді. Біріншісін 2-3, екіншісін көп бала туғандар қойдырып жатады. Бірақ маман “спиральді тумаған жас қыздарға салмаймыз” деп айтты. Ескеретіні бұл контрацепциялық әдістер мүшеқап сияқты басқа да түрлі аурулардан қорғамайды. Олар тек жүктіліктен сақтайды. Сондықтан да гинеколог-дәрігер ерте жастан жыныстық қатынасқа түсетін жастарға мүшеқапты қолдануға кеңес береді. Айтуынша бұл – жастардың денсаулығын қорғайтын, қажетсіз жүктіліктен сақтайтын бірден бір жол.

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, облыс имамының орынбасары:

Шариғат жағынан келсек, әйел адам 9 бен 15 жас аралығында балиғат жасқа толған кезде, ер адамның балиғат жасы 12 мен 15 жас аралығында отбасын құруға құқылы. Дегенмен, жастарымыздың ортамен, қоғаммен және заңмен санасқаны дұрыс. Десек те аяқтарын шалыс басқан жастар көп. Олардың жас ерекшелігі некесін тіркеуге келмегендіктен ата-аналары Алланың үйінде некесін қидыруды құп көреді. Алайда біз балиғат жасына жетпеген, қолында АХАЖ бөлімінің куәлігі жоқ жастардың некесін қимаймыз. Оған заң жүзінде рұқсат жоқ. Кей кезде молданы үйіне шақыртып некесін қидыртатындар да бар. Қыздың кәмелет жасқа толмағанын, қолында неке қию куәлігі жоқ екенін, бірақ жүкті екенін айтып жалынып-жалбарынады ата-анасы. Қаншама ағайын-туыс куәлік етеді. Сондай да молда құзырлы органдарға хабарласа отырып, екі жастың некесін шариғат бойынша тіркейді.

ҮШ БАСҚАРМАНЫҢ  ҮШ СЫЛТАУЫ
Ерте жүктілік, ана мен бала өмірі, денсаулығы облыстық денсаулық сақтау басқармасының тікелей құзіретіне кіреді деген себеппен хабарласып көрдік. Басқарманың баспасөз қызметі, бұл мәселенің оларға қатысты емес екенін тілге тиек етіп, білім басқармасына сілтеді. Облыстық білім басқармасындағылар бұл мәселемен былтырға дейін айналысқандарын айтып, облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасына бағыттап жіберді. Аталған басқарманың басшысы Балмаржан Нарымбетоваға хабарласқанымызда жоғарыда аталған екі басқармамен бірлесе отырып мектептерде балалардың жыныстық тәрбие жөніндегі білім деңгейін көтеру мақсатында түсіндіру жұмыстары мен семинарлар өткізіп тұратындарын ғана айтты. Бір емес, үш бірдей басқармаға хабарласып тұщымды жауап ала алмадық. Сонда күнгейде бұл мәселемен айналысатып, қадағалайтын құзырлы органның табылмағаны ма? Құзырлылар бір біріне сілтеп, отырғанда бұл мәселенің жақын арада шешілмесі анық.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№26, 27 МАУСЫМ 2018 ж.