«Керуен шеру-2018» жобасы оқушылардың тарихи сауатын арттырмақ

772

«Керуен шеру-2018». Осындай тақырыппен облыстық дәстүрлі жоба жалғасын тапты. Дәлірегі, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары күнгейдің киелі жерлеріне жол жүріп, тарихымен танысатын шара биыл 5-рет қолға алынып отыр.

Дулат Айдардың жасы – 16-да. Сарыағаштағы №70 мектептің 11-сынып оқушысы. Жасынан жырға құмар жеткіншек бұл жобада да тосылған жоқ. Саяхатта көрген-білген, түйгенін өлеңмен өріп, жеңістің төрін бағындырып отыр.

Дулат Айдар, №70 мектептің оқушысы: «Мен 5 күннің ішінде, өңірдің тарихын, ондағы жасақталған мол жәдігерлерді көзбен көрдім. Бұл әсерді сөзбен айтып жеткізе алмағандықтан, өлеңіме сыйдырдым. Қазір маған жүлделі орын тағайындалыпты, қуаныштымын! Енді ондағы ойыма жинақтаған мол мағлұматтарды өзімнің ғана емес, өзгелердің де кәдесіне жарату үшін сыныптастарыма айтып беріп жатырмын».«Керуен шеру-2018» – мектептегі жоғары сыныпты қамтитын, шығармашыл жастолқынды шабыттандыратын жоба. Кезекті дәстүрлі шара аясында озат оқушылар күнгейдің киелі жерлерін аралап, төл тарихымен танысты. Шеру баптар елі – Сайрамнан бастау алып, рухани шахар – Түркістан мен таулы өлке – Қазығұрт, Төле би, Бәйдібек аудандарында ұласып, шәкірттердің шежіредегі сауаттарын арттырған. Және саяхат аясындағы алған әсерін көппен бөлісіп, жеткізуі үшін өзара топтаса сайыстар да ұйымдастырылыпты. Бірі – шеруден түйгенін қылқалам-суретпен сөйлетсе, екіншісі жырына арқау етуге мүмкіндігі туған.

Бақытжан Ешенқұлов, облыстық білім басқармасы қосымша білім беруді дамыту орталығының директоры: «Бұл саяхат пен байқауға қатысушы шәкірттер – тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары. Онда да 6, 7, 8-сыныптың оқушылары ғана жолдама алды. Ал осы жарысқа қатысқандардың тек 40-ының еңбектері мен шығармалары жоғары бағаланып, жеңімпаз ретінде танылып отыр».

Жеңімпаздар арнайы марапатталып, құрметке бөленді. Алғыс хаттар тапсырылды. Айта өтейік, осынау жобаға әр аудан-қаладан 10 оқушы, барлығы 150-і жолдама алған. Бүгінде бір ғана Түркістан облысындағы мектептерде 631 мың оқушы бар болса, оның 36 627-і – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары.