Солтүстікке қоныс аудару: о жақта не ұсынады?

9049

Жұмыс іздеп жүрсіз бе? Әлде климат алмастырып, жер жаңалап, мекен ауыстырғыңыз келе ме? Онда жоспарыңызды жүзеге асыру үшін Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының шарттарымен танысыңыз. Биыл бағдарлама шартына елеулі өзгеріс енгізілген. Яғни, бұған дейін аталған бағдарламаға отбасылы не туған-туысын ерткен адам жұбы қатыса алса, енді үйленбеген, не тұрмыс құрмаған адам да жалғыз қатыса алады. Биыл бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1706 отбасыға квота бөлінген. 2015 жылы жүзеге асырыла бастаған бағдарлама әуелі елді елең еткізді. Содан бері біршама өзгерістерге ұшырап, әлі де жалғасып келеді. Ендеше бүгінгі мақалада осы бағдарламаның шарттары мен талаптары, ұсынатын жеңілдіктерін таныстырамыз.

«Көшуімізге басты себеп – жұмыс жоқ»
Гүлназ Бексейітова Шымкент қаласының тұрғыны. Мамандығы – агроном. 37 жастағы жалғызбасты ананың екі баласы мен бір інісі бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатарына жататын ол бір отбасын жалғыз өзі асырап отыр. Бірақ, мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Өйткені, мамандығына сәйкес жұмыс табылмапты.
«Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару» бағдарламасы туралы естіп, енді міне Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қоныс аударуға шешім қабылдапты.

Гүлназ Бексейітова, қала тұрғыны:
– Солтүстіктегі қоныс аударуға болатын елдімекендердің ішінен СҚО-ның Тайынша ауданына көңілім ауып тұр. Сұрап білгенімдей, о жақтың жері егіншілікпен айналысуға өте қолайлы екен. Жер телімін береді. «Біраз аяғыма тұрып алған соң, несие алып, мал шаруашылығымен айналыссам» деп те жоспарлап отырмын. Бағдарламаны түсіндіру тобының мүшелеріне хабарласқанымда, балаларымды еш қиындықсыз балабақшаға орналастыратынын айтты. Себебі, ол жақта біздегідей, ұзын-сонар кезек жоқ екен. Әзірге, айтқандарынан түсінгенім – жақсы мүмкіндік сияқты. Соны дұрыс пайдаланып қалғым келеді. Енді көре жатармыз.

Ал Зилола Ахатованың мамандығы – медбике. Күйеуі Гафуржан Ниязтаев – көлік жүргізушісі. Үш жасар баласы бар жас отбасы бағдарлама бойынша Павлодар облысына көшуге ниетті. Олардың да мұндай қадамға баруына жұмыссыздық түрткі болып отыр екен.

Зилола Ахатова, Сайрам ауданының тұрғыны:
– Күйеуім екеуміз біраз жылдан бері жұмыс таба алмай, талай табалдырықты тоздырдық. Сөйтіп, «тағы бір рет бағымызды сынап көрейік» деп, Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығына қайта бардық. Тағы да жұмыс болмады. Орталық қызметкерлері осы бағдарлама жайлы айтып қалды. Солтүстікте медбике, көлік жүргізушілер жетіспейтінін айтып, көшіп барсақ, о жақта бізге қандай жағдай жасайтынын түсіндірді. «Бірден асығыс шешім қабылдамайық, ең алдымен көрейік» деген оймен күйеуіммен бірге со жаққа барып, айтқан жерлерін көріп қайттық. Бізге Павлодар облысының Ақтоғай ауданын ұсынған болатын. Өте жақсы жер екен. Ауасы таза, адамдары мейірімді. Сондағы әкімдік қызметкерлері күтіп алып, ауданды аралатты. Айтқан ұсыныстары көңілімізден шықты. Сондықтан көшуге ниеттеніп отырмыз»

Жас отбасының шешімін туыстары қолдап, өз разылықтарын беріпті.
– Оның үстіне, барып, бәрін өздері көріп келген соң, ешқандай күмән қалмады,-дейді солтүстікке көшуге ниетті Зилола Ахатова.

Солтүстікке көшу үшін отбасылы болу міндет емес
Павлодар демекші, 18-22 маусым аралығында өңірімізге Павлодар облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінен бір топ маман келді. Мақсаты – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының үшінші бағыты: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша «Оңтүстіктен солтүстікке» бағдарламасын халыққа түсіндіру.
Павлодарлық делегация Түлкібас, Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларын аралады. Топ мүшелерімен әңгімелесу барысында білгеніміз – биыл Павлодар облысына еліміздің оңтүстігіндегі 5 облыстан 380 отбасын көшіру жоспарланған. Соның басым бөлігі, яғни 150-ге жуық отбасыны Түркістан облысынан көшіруді көздеп отыр.
Павлодар облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева бағдарламаға кімдер қатыса алатынына тоқталды. Айтуынша, бағдарламаға Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде соңғы бір жыл бойы тіркеуде тұрған кез келген қазақстандық қатыса алады.

Меруерт Есембаева, Павлодар облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, көші-қон бөлімінің басшысы:
– Бір байқағанымыз – Түркістан облысы азаматтарының көбі Астана немесе Алматы сынды қалаларға ақша табу мақсатында жұмысқа кетіп, сол жақта тіркеледі. Араға уақыт салып, туған жеріне қайтып келген соң, сол жақтағы тіркеуінен шықпай жүре береді. Кейіннен осы бағдарлама жайлы естіп, қатысуға ниет білдіргенде тіркеуі Астана, Алматы қалаларында не басқа сырт өңірлерде болғаны себепті қатыса алмайтыны, әрі бір жыл тағы күтуге мәжбүр екені анықталады. Себебі біреу – тіркеуі оңтүстікте емес. Сондықтан, тұрғындарға бірінші кезекте осы жағдайға мән беруін сұранамыз»
Павлодарлық басқарманың көші-қон бөлімінің басшысы осы жылдың екінші жартысынан бас-тап бағдарламаға енгізілетін жаңалықтарға да тоқталды. Сөзінше, осы кезге дейін бағдарламаға қатысу үшін «отбасында кемінде екі адам(ерлі-зайыпты, ағалы-қарындас,апалы-сіңлі, келін-ене, т.б) қоныс аудару керек» деген талап болған. Енді бұдан былай жалғызбасты азаматтар да бағдарламаға қатысып, солтүстікке қоныс аударуына болады.
– Халық «бұл бағдарлама жұмыссыз жүрген адамдардың бәрін оңтүстіктен солтүстікке көшіруге арналған» деп ойлайды. Олай емес. Бұл бағдарлама – оңтүстіктегі бос жұмыс күшін мамандықтарына сәйкес солтүстіктегі бос орындарда пайдалануға бағытталған. Яғни, бағдарламаға қатысып жатқан отбасыдағы бір азаматтың міндетті түрде қолында белгілі бір салада дипломы болуы міндетті. Енді осы екінші жарты жылдықтан бастап жалғыз өзі баруды ұйғарса, онда өзінің дипломы болуы керек,-деді Меруерт Есембаева.

Түркістан облысынан 726 азамат көшуге ниетті
Облысымыздан солтүстік өңірлерге қанша отбасын жіберу жоспарланғаны және оларға қандай мүмкіндіктер ұсынылатынын білу мақсатында ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші қон бөліміне хабарластық.
Бөлімнің бас маманы Дамира Ешенқұлованың айтуынша, биыл Республика бойынша солтүстік өңірлерге қоныс аудару үшін 1706 отбасыға квота бөлінген. Оның 510-ы Түркістан облысына тиесілі. Ал 2018 жылдың 1 маусымына дейін ОҚО-дан 376 адамнан құралған 80 отбасы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аударып үлгерген. Тағы 726 азамат отбасымен қоныс аударуға ниет білдіріпті.

Дамира Ешенқұлова, ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, көші-қон бөлімінің бас маманы:
«Солтүстікке қоныс аударуға ниетті адамдардың басым бөлігі 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар. Солтүстіктің тек аудандары мен ауылдарына көшу мақсат емес. Облыс орталықтарына да қоныс аударуға болады. Дегенмен, қалада баспана қымбат. Қалтаға қонымдысын табу оңай емес. Ал ауылды жерде бос тұрған баспана көп»

Көшіп барғанға қандай жағдай жасалады?
Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік азаматтарына бірқатар жеңілдіктер мен қаржылай көмек ұсынылады.

Атап айтқанда:
республикалық бюджеттен:
– Бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне, кішкентай баладан бастап, қарияға дейін жол шығынын өтеу мақсатында бір реттік жәрдемақы төленеді. Мөлшері – 35АЕК, яғни 84 175 теңгеге тең.

– Коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеуге 12 айға дейін:
1.Қалалық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 20 АЕК (48100 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 25 АЕК (60125 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 30 АЕК (72150 теңге)
2. Ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін:
– 1 адам үшін — 15 АЕК (36075 теңге);
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 18 АЕК (43290 теңге);
– 5 жан және одан көп болса — 21 АЕК (50505 теңге)материалдық көмек көрсетіледі.
Ал егер солтүстік өңіріне барғаныңызда бір үй көңіліңізден шығып, бірақ қолыңызда қаражат болмаса, 12 ай бойы үйді жалдауға берілетін ақшаның бір жылдық жиынтығын бірден алып, баспана сатып ала аласыз. Мамандардың айтуын-ша, солтүстік өңірлерде үй бағасы өте арзан екен.
Жоғарыда айтылғандай, көшіп барған азаматтардың бірінде міндетті түрде біліктілігі туралы диплом болу керек.
– Соған қарай жергілікті атқарушы билік еңбек жасындағы азаматты 1 ставка жұмыспен қамтуға міндеттеледі. Мамандығы жоқ отбасы мүшелеріне тегін орта кәсіби білім береді. Яғни, курстардан өте аласыз. Балаларыңыз болса, балабақшаға және мектепке кезексіз қабылдайды. Ал егер өз кәсібіңізді ашқыңыз келсе, әсіресе, мал және егіншаруашылығы бойынша, онда қалаған мөлшерде жер телімі үкімет тарапынан тегін беріледі. Сондай-ақ бизнес жоспарыңызды ұсынсаңыз, 6 пайыздық төмен мөлшерлемемен несие берледі, әрі «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өте аласыз,-дейді Дамира Ешенқұлова.

ГАЗЕТ АНЫҚТАМАСЫ:
ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, көші қон бөлімі тел:
30-10-43

Бағдарламаға соңғы бір жылда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тіркеуде тұрмаған азаматтар және шет ел азаматтары қатыса алмайды. Сондай-ақ жалғыз өзі баруға бел буған адамның белгілі бір мамандық бойынша дипломы болмаса қатысуға рұқсат жоқ. Егер отбасымен баратын болса, онда отбасындағы бір азаматта міндетті түрде диплом болуы міндетті.

«Күштеп көшіру жоқ, бәрі де ерікті»
Дамира Ешенқұлованың сөзінше, бұл бағдарламаны жүзеге асыру ерікті түрде жүргізіледі, яни азаматтарды күштеп көшіру жоқ. Қатысуға ниетті азаматтар ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші қон бөліміне немесе өздері тіркелген тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталықтарына барып, кеңес алады. Сондай-ақ квота бөлінген аймақтардағы жергілікті билік өкілдерінің телефон нөмірлері сұратқан жағдайда беріледі.
– Облысымызда көптеген кәсіпкерлер өз қаржысынан солтүстікке көшуге ниетті отбасылар үшін солтүстік аймақтарына тур өткізіп тұрады. Сондықтан басқармаға және жұмыспен қамту орталықтарына хабарласып тұруға кеңес береміз. Ал егер өздері барып көргісі келсе, сол жақтағы жергілікті билік өкілдерінің нөмірін береміз. «Жолға шықтық» деп хабарласса болды, өздері күтіп алады. Уақытша орналастыру орталықтарына жайғастырып, квота бөлінген аудан-қалаларды, ауылдарды аралатады. Айта кетейік, ниеттілер құжатты көшіп барған аймағында тапсырады. Олардан анықтама, жөнелтпе хат сұратып, әбігерге салмайды. Тек қана, жеке куәлігі, неке туралы куәлігі, туу туралы куәлігі және дипломының көшірмесін сұратады,-дейді Дамира Ешенқұлова.
Бағдарламаға қатысуға жыл он екі ай ниет білдіруге болады.

Еліміздің солтүстік өңірлерінде қажетті мамандықтар тізімі:

Бірінші кезекте,
медициналық персонал:
Акушер;
Акушер-гинеколог;
Маммограф;
Маммолог;
Дәрігер-невропатолог;
Тіс дәрігері;
Балалар дәрігері;
Терапевт;
Хирург,
Құлақ-мұрын, тамақ дәрігері;
Мейірбике.

Екінші кезекте,
білім беру саласы бойынша:
Орыс және орыс әдебиеті пәні мұғалімі (қазақ және орыс сыныптарына);
Ағылшын тілі пәні мұғалімі (қазақ және орыс сыныптарына);
Математика (қазақ және орыс сыныптарына);
Химия пәні мұғалімі (орыс сыныптарына);
Физика пәні мұғалімі (орыс сыныптарына);
Бастауыш сынып мұғалімі (орыс сыныптарына);
Әскери дайындық сабағының мұғалімі (орыс сыныптарына);
Денешынықтыру пәнінің мұғалімі;

Үшінші кезекте:
Электрші;
Тракторшы;
Механизатор;
Нан пісіруші;
Құрылысшы;
Агроном;
Сатушы;
Мал дәрігері;
Көлік жүргізушісі;

 

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті

№26, 27 МАУСЫМ 2018 ж.