Құлдық қамытын кигендер…

615
фото қамшы.кз сайтынан алынған
фото қамшы.кз сайтынан алынған

Соңғы екі жылда Түркістан облысы аумағында 93 адам құлдықтан құтқарылған. «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы ұсынған дерекке сенсек, Өткен жылы орталықтың қауырт желісіне 299 адам көмек сұрап жүгінсе, биылдың алғашқы алты айында 630 адам хабарласқан екен. Соның бірі – 4 ай құлдықта болған Ажар.

Күнкөріс қамымен келіп, құрбан болған 
Ажар (есімі өзгертілген-ред.) – Түркістан облысының тұрғыны. Шалғай ауылдан жұмыс таппаған бойжеткен «аяққа тік тұрамын» деп, арман жетегінде Шымкент қаласына келеді. Дипломы жоқ. Сонда да «тәуір жұмыс табылар» деген үкілі үмітін арқалап келген Ажар бірден жұмыс таппайды.
Неге дейсіз? Ең алдымен, кеудесін жалын кернеген жас жұмыс іздеп мекемелердің есігін қаққанда, ондағы қабағы қатулы кадр қызметкерлері не жұмыс берушілер: «стажың бар ма, дипломың ше?» деп сұрайды. Ажардың салы суға кетпей, жұмыспен қамту орталықтарын, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне барады. Іздеді. Жұмыс іздеуінің ақыры өз нәтижесін береді. Ол өткен наурызда қаладағы дәмханалардың біріне даяшы болып жұмысқа орналасады. Ажардың айтуынша, жұмыс беруші «тәп-тәуір жалақы аласың, жатын орның жылы әрі тамағың тегін болады» деп уәде етіп, жұмысқа алған екен.

Ажар:
– Әуелде барлығы жақсы болатын. Тапқанымда күнде қолма-қол төледі. Бірақ… Бір аптадан кейін жалақымды бермей қойды. Себебін сұрап, ақысын талап еткенімде жұмыс беруші көрмегенді көрсетті. Құжатымды, телефонымды тартып алды. 12 сағат бойына асханада әрі даяшы әрі тазалықшы болдым. Бір-ақ мезгіл тамақ берді. Ол да әркімнен қалған қалдық. Сондай тамақ жедім.

Әп сәтте құжатынан да телефонынан да, ең бастысы – азаттығынан айырылған Ажар шарасыз күйге түседі. Айтуынша, араға уақыт салып, жұмыс беруші оны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлепті.

– Құжаттарымды тартып алған соң, олар ойына не келеді, соны істей бастады. Кәдімгі күңге айналдым. Тіпті қажет затымды алу үшін дүкенге де шығармайтын. Кейіннен, одан да сорақысы басталды. Саунаға , қонақүйлерге күштеп апарып, жезөкше болуға мәжбүрледі. «Жұмыс істейсің. Мен саған ақшаңды берем» деп, тіпті ұрып-соғып, қолдарына не түссе, сонымен ұрып, шашымнан тартып, қалағандарын істетті,- дейді Ажар.

Осылайша жас қыздың ғұмыры тозаққа айналады. Осындайда «неліктен жүре берді, бірден қашып кетпей ме?» деген сауал туындайтыны рас. Ажар да ақымақ емес. Ол да қашқысы келді, бірақ…
Айтуынша, барлық бөлмелерде, тіпті бойжеткеннің жатын бөлмесіне дейін бейнебақылау камералары орнатылыпты. Одан бөлек, есікті күзетіп тұрған қос-қос күзетші тағы бар. Бірақ араға 4 ай салып, Ажар қайырымды жандардың арқасында түнделетіп қашып шыққан. Бірден «Сана сезім» орталығына барады.
– Қазір бойжеткенге тиісті жәрдем, атап айтқанда психологиялық және заңгер көмегі көрсетілуде,-дейді орталық мамандары. Қазір оның құжаттары қайта дайындалып жатыр.

Құлдықта өткен 25 жыл…
Ал Геннадий Петров еңбек құлдығында 25 жылын өткерді. Оны еріктілер қаңтар айында қала сыртында жатқан жерінен тауып алған. Ширек ғасыр бойына біреудің малын ақысыз баққан Геннадий 1990 жылы күнкөріс қамымен Ресейден Қазақстанға келген екен. Сол кезде Отанындағы жақындарымен қарым-қатынасын үзіп алады. 68 жастағы қария өзінің қай ауылда, кімнің қолында құлдықта болғанын есіне түсіре алмады. Тіпті, осы уақыт аралығында туыс-тарына амандығын да білдіре алмай келген. «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы заңгерінің сөзінше, Геннадийдің денсаулығына мүлдем күтім жасалмаған.

Лилия Халиулина, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің заңгері:
– Оған медициналық көмек мүлдем көрсетілмеген. Қашып кетуге де мүмкіндігі болмаған. Өйткені бөтен елде, жат жерде жүрген. Құжаты да жоқ. Геннадийдің халі нашарлағасын, қожайыны оны қажетсіз зат секілді жол жиегіне тастап кете салған.

Еріктілер және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының қорғауындағы қоғам белсенділері Геннадий Петровтың туыстарын тауып, отбасымен қауыштырды. Бүгінде ол Алтай өлкесінің Бийск қаласында туыстарының қолында өмір сүріп жатыр.

Көмек сұрағандар саны былтырғыдан көп
– Бұл өңірімізде болған оқиғалардан келтірілген екі мысал ғана. Мұндай оқиғалар көп,- дейді орталық мамандары.
«Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік қызметкері Раушан Худайшукурованың мәліметінше, былтыр орталыққа көмек сұрап хабарласқан адамдардың санынынан биыл жарты жылда хабарласқан жандардың саны екі есеге көп. Соңғы екі жылда 93 жанға нақты көмек көрсетіліпті.
Оның айтуынша, арам пиғылды азаматтар туыстары жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды алдауға тырысады екен.

Раушан Худайшукурова, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік қызметкері:
– Жұмыс берушілер көп жағдайда жалданушының іздеуші-сұраушысы жоқтығын пайдаланады. Құжатын алып қояды. Құқын қорғай алмайтынын білген соң тегін жұмысқа жегеді. 2017 жылы біздің бірлестіктің араласуы-мен адам саудасы, құлдыққа қатысты арыз бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетейік, «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы 2001 жылдан бері: сот әділдігіне қол жеткізу, адам саудасын тоқтату және еңбек миграциясы сынды үш бағытта жұмыс істейді. Орталықта психолог, әлеуметтік қызметкер, заңгер бар. 2016 жылдан бастап, орталық жанынан адам саудасының құрығынан құтылғандарға уақытша пана болар баспана ашылған. Оның қайда орналасқанын орталық басшылығынан басқа ешкім, тіпті полиция қызметкерлері де білмейді екен.

Шахноза Хасанова, «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының вице-президенті:
– Бұл сондағы азаматтың қауіпсіздігі үшін жасалынған шара. Өйткені, құрбан бостандыққа шығып, полицияға арызданғаннан кейін жұмысқа тартқан азаматтар кешірім беруін өтініп, «ақшаңды қайтарамыз, тек арызыңды ал» деп немесе қорқытып-үркітіп хабарласады. Сондықтан да сондайлар тауып алмауы үшін құпия ұсталады. Ондағы қоныстанушылар 6 ай тұрады. Келісімшарт арқылы тағы 2 айға создыруға мүмкіндігі бар. Өйткені жәбірленуші өзін жәбірлеген азаматтың үстінен арыз жазса, қылмыстық іс сонша мерзімге дейін созылып кетуі мүмкін.

– Қоныстанушылар тегін тұрады. Баспанада адам саудасының құрбандарына 7 түрлі: психологиялық, әлеуметтік, еңбекті, медициналық, мәдениет, білім және заңгерлік көмек көрсетіледі. Тиісті органдармен тығыз жұмыс істейді.
– Қоныстанушылардың көбі қыз-келіншектер. Оларды жезөкшелікке мәжбүрлеген. Олар содан арланып, үйіне оралуға бата алмайды. Кейбірі тіпті оралмайды. Барлығының дерлік білімі жоқ. Сондықтан біз облысымыздағы түрлі мекемелермен тығыз жұмыс жасаймыз. Яғни, құрбанның білімі болмаса қосымша тегін курстардан өтеді, «еліне қайтпаймын» деп шешсе, мемлекеттік бағдарлама арқылы бас-паналы болуға, егер баласымен келсе, баланы балабақшаға немесе мектепке орналастыруға, мәдени іс-шараларға қатыстырып, кәдімгі өмірге қайтаруға көмектеседі,- дейді Шахноза Хасанова.

Орталық қызметкерлері қазір тағы 25 өзбекстандықты еліне қайтаруға көмек көрсетіп жатыр. Айтуларынша, ол азаматтар Алматыға жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен. Орталық өкілдерінің дерегінше, адам саудасының құрбаны болатындардың көбісі – Өзбекстан Республикасының азаматтары. Бұдан бөлек қырғызстандық, ресейлік, тәжікстандықтар да бар екен. Мамандар шетел аспас бұрын әуелі баратын ел-жердің еңбек нарығын жіті зерделеп, кішігірім зерттеу жасауға, міндетті түрде екіжақты еңбек шартын жасауға кеңес береді. Және ешқандай жағдайда ешкімге құжаттарыңыздың түпнұсқасын бермеуге шақырады.

75 мың адам құлдық жағдайында
Таяуда интернет порталдарында халықаралық Walk Free коммерциялық емес құқық ұйымының адам саудасына қатысты жасаған рейтингі жарияланды. Сондағы мәліметке сенсек, әлем бойынша 40,3 миллион адам құлдықтың қамытын киген. Зерттеушілер бұл көрсеткішті 167 елдің статистикасына сүйеніп шығарыпты. Бұл тізімге құлдықтың кез келген түріне тап болғандар енгізілген.
Атап айтқанда, мәжбүрлеп еңбекке жегіп, жұмыс істету, балалар еңбегін пайдалану, жезөкшелікке мәжбүрлеу сияқты құлдық түрлері бар. Дерекке сай, құлдық жағдайда ұсталынатындардың дені – қыз-келіншектер. Құлдықта ұсталынатындардың 71 пайызын солар құрайды.
Бір елең еткізіп, көңіл құлазытқаны: бұл тізімге Қазақстан да ілінген. Біздің ел құлдық жағдайда ұсталынатын азаматтардың саны жөнінен 167 мемлекеттің арасында 83-орында.
Ұйымның зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда 75 мың адам құлдыққа жегілген. Заманауи құлдық жағдайында ұсталынатын адам саны жөніне Солтүстік Корея жасалған тізімде Корей Халық Демократиялық Республикасы (Солтүстік Корея) көш бастайды. Бұл мемлекетте халықтың 10 пайызы, яғни 2,64 миллон тұрғын мемлекетке бағынышты еріксіз еңбекке жегілген.
Содан кейінгі орында:
2. Эритрея;
3. Бурунди;
4. ОАР (Орталық Африка Республикасы);
5. Ауғанстан;
6. Мавритания;
7. Оңтүстік Судан;
8. Пәкістан;
9. Камбоджа
10. Иран Ислам Республикасы

Walk Free мәліметінде қазіргі заманғы құлдықпен күреске Нидерланд, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция, Бельгия, Хорватия, Испания, Норвегия, Португалия және Черногория мемлекеттері ерекше назар аударып отырғаны айтылған. Десе де, сарапшылар Global Slavery Index рейтингісіне күмәнмен қарайды. Мамандардың айтуынша, құрастырылған рейтингте «қазіргі замағы құлдық» терминінің нақты мағынасы жоқ. Ал оның анықтамасы жыл сайын өзгеріп отырады екен.

Әлия Әділбек

«Оңтүстік Рабат» газеті

№31, 1 ТАМЫЗ 2018 ж.