Қазіргі таңда қоғамдағы ең өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі – адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл – жасты да, кәріні де таңдамайтын, әлеуметтік жағдайына қарамайтын, бір сәтте адамның тағдырын астан-кестең ететін ауыр қылмыс. Әсіресе, ауылдан қалаға жақсы өмір іздеп келген жас отбасылар мен нәзік жандылар бұл қауіптің алдында әлсіз.
Қалаға үміт арқалап келген көптеген отбасылардың тұрақты тіркеуі болмайды. Құжатсыз, жұмыссыз, баспанасыз қалғандар бірте-бірте тығырыққа тіреледі. Осындай жағдайға тап болғандарға Шымкентте мемлекет тарапынан қаржыландырылатын «Самғау» орталығы көмек қолын созады. Орталық 70 орынға шақталған, оның 20 орны адам саудасының құрбандарына арналады екен. Сонымен қатар, қалада «Көмек» дағдарыс орталығы да бар. Ол 8 бағыт бойынша қиындыққа душар болғандарға көмек көрсетеді.
Кейде адам саудасының құрбандары «Самғауға» емес, тікелей осы «Көмек» орталығына түсіп жатады. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда күндіз де, түнде де адамдар келіп жатады. Бірін полиция әкелсе, екіншісін ауруханадан жеткізеді, ал енді біреулерін жай ғана жаны ашыған адамдар алып келеді.
Өкінішке қарай, орталық қызметкерлері қанша жұмыс істесе де, адам саудасының құрбаны мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандар саны азаяр емес. Керісінше, жыл өткен сайын көбейіп келеді. “Зорлық-зомбылық жас таңдамайды. Ал, адам саудасына көбіне нәзік жандылар түседі”, — дейді орталық басшысы Малика Абдрашева.
Көптеген қыз-келіншектер қалаға бала бағуға, үй жинауға, асханаға немесе дәмханаға жұмыс істеуге келеді. Бірақ, олар ақыр соңында өздерінің қалай құлға айналып кеткендіктерін аңғармай да қалады. Кейбір қыздардың құжаттарын тартып алады. Осыдан кейін олар бір адамға немесе бір топқа толық тәуелді болады. Мұндай жағдайға душар болғандардың арасында көрші елдерден келген мигранттар көп. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінің азаматтары. Еңбек етеді, бірақ еңбекақысын ала алмайды. Кейін оларды күштеп сексуалдық қызметке тартады. Ал, бұл шырмаудан шығу мүмкін емеске айналады.
«Біздің орталықта сексуалдық құлдықта болған бірнеше нәзікжанды бар. Соның бірі – Севара (өзгертілген-ред). Қырғызстанның азаматшасы. Шымкентке жұмыс іздеп келген. Алайда, тағдыр оны аямады. Жұмыс берушісі құжатын алып қояды. Содан соң, еңбекақысын да төлемейді. Ішіп-жегенін есептеп, баспанамен қамтығанын міндетсінеді. Ол ол ма? Ақыр соңында болмашы ақшаға сатып жеберген. Осылайша Севара сексуалдық құлдықтың құрбанына айналды»,-дейді орталық басшысы.
Зорлық-зомбылық көріп жүріп бала туғандар да бар. Мұндай аналар баланың әкесінің кім екенін де білмейді. Бірақ, ана баласын бергісі келмейді. Өзінде құжат болмаған соң, баласына да құжат рәсімдей алмайды.
«Білесіз бе, төрт перзентін осындай жағдайда өмірге әкелген ана бар. Оның да, балаларының да тағдыры ауыр. Құжаттары жоқ, білімдері жоқ, жәрдемақыдан қағылған. Біздің орталыққа жеткізілгенде ананың психологиялық жағдайы тіпті нашар еді. Ал, балалары тіпті кішкентай. 5 жас, 4 жас, 2 жас, 1 жасар. Міне, біз тағдыр тауқыметін тартқан осындай жандарға көмекке келеміз. Психологиялық жағынан да, моральдық-материалдық жағынан да аянып қалмаймыз. Заңгерлеріміз құжатпен көмек қолын созады. Дәрігерлер медициналық тұрғыдан жәрдемдеседі. Ең бастасы – жомарт жандардың көмегі. Олар реабилитациялық шара барысында барлық керек-жарақпен қамтамасыз етеді. Керек болса, баспанамен де қамтылуына көмек қолын созады»,-дейді Малика Абдрашева.
Енді бір кейіпкердің өмір жолына тоқталайық. Шымкент қаласының тұрғыны бір дәмханаға еден жуушы болып жұмысқа тұрады. Сол жерде бірге істейтін бір келіншекпен танысып, екеуі жақын құрбыға айналады. Бірақ әлгі құрбысы жеңіл жүрісті әйел болып шығады. Ең сорақысы, оны ешкім мәжбүрлемеген, өзі ерікті түрде сексуалдық қызмет көрсеткен.
Бұл жайлы біздің кейіпкеріміз мүлде білмеген екен. Бір күні әдеттегідей жұмысқа келеді. Құрбысының айналасында біртүрлі адамдардың жүргенін байқайды, бірақ күмәнданбайды. Кешке үйіне қайтар жолда оны белгісіз адамдар күштеп көлікке салып, басқа жаққа алып кетеді. Кейін белгілі болғандай, сол бірге жұмыс істейтін жақын құрбысы оны 300 мың теңгеге сатып жіберіпті. Міне, осылайша ол екі жыл бойы сексуалдық құлдықта болады. “Отбасым бар, балаларым бар, көмектесіңізші” – деп әр келген “тұтынушысынан” өтінеді. Бірақ, ешкім мұның бұл сөзіне құлақ аспайды. Көмекке келмейді. Бір күні бір кісі онымен жақынырақ тілдесіп, оған көмек қолын созыпты. Дәлірегі ер азамат оны сатып алып, басына азаттық береді. Құлдықтан босатып қан
а қоймай, дағдарыс орталығына жеткізеді. Қазір бұл кейіпкеріміз реабилитациядан өтіп жатыр. Психологиялық, құқықтық көмек алуда. Оның табылғандығы жайлы отбасына хабар берілді.
Екі жыл бойы хабарсыз кеткен соң, жолдасы басқа әйелге үйленіпті. Балалары өгей ананың қолында өсіп жатыр. Заң жүзінде бұл әйел аналық құқығынан айырылған екен. Қарап отырсаңыз, қасында жүрген, сырын бөліскен құрбысының әрекетінен әп-сәтте отбасынан, балаларынан айырылған әйелге ата-анасы мен туыстары ғана қолдау көрсетіп отыр. Өйткені, олар оның басынан өткен сұмдықты біледі. Бір сәтте адамның тағдыры мүлдем басқа арнаға өзгеруі мүмкін. Сондықтан, ешкім «менің өмірімде мұндай болмайды» деп айта алмайды.
Бүгінде осы орталықта сыртынан сатып жіберілген 3–4 адам реабилитациядан өтіп жатыр. Оларды 300–500 мың теңгеге сатқан. Қазіргі заманда бұл аса көп те, құны көп ақша емес. Бірақ, біреудің тағдырын талқандауға жетіп отыр.
Адам саудасы алыста емес, арамызда жүр. Сол себепті онымен күресу тек бір орталықтың емес, баршамыздың ортақ міндетіміз деп түсінгеніміз жөн болар.
Айжан Ермекқызы,
«Оңтүстік Рабат» газеті, №51







