Қазақстанда әр бесінші ерлі-зайыпты табиғи жолмен бала сүйе алмайды

481
Фото inform.kz

Қазақстанда әр бес-алты отбасының бірінде табиғи жолмен бала көтере алмайды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында еліміздегі алғашқы ЭКҰ зертханасының негізін қалаушы, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова айтып берді.

«Жалпы, бес-алты отбасының бірінде белсіздік проблемасы бар, Қазақстан да бұдан сырт қалған жоқ. Біреулер тұңғыш баласын көтере алмайды, кейбіреулер екінші балаға, енді біреулер үшінші рет жүкті бола алмайды», – дейді Салтанат Байқошқарова.

Доктор Қазақстанда репродуктология жоғары деңгейде дамығанын айтады. «Егер өзімде осы проблема болса, жасанды жолмен бала көтеру (экстрокорпоральды ұрықтандыру – ЭКҰ әдісі) үшін шетелге бармас едім. Өйткені біздің елде де мұндай қызметті жоғары деңгейде көрсететін зертханалар бар. Қазақстанда ЭКҰ әдісін алғаш рет 1995 жылы енгіздім, содан тұңғыш бала 1996 жылы дүниеге келді. Яғни 23 жылдан бері ЭКҰ саласында, ал жалпы репродуктология саласында 30 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Репродуктология біздің елде жоғары деңгейде», – дейді С. Байқошқарова.

Сонымен қатар қазірде түрліше орталықтар, әр түрлі зертханалар бар екенін айтады. «Ресми түрде 20-ға жуық орталық және зертхана тіркелген болса, соның шамамен жартысы өнімді қызмет атқарып келеді. Орталықтардың бәрі де мықты деп айта алмаймын, бірақ жалпы, біздің ел тұрғындардың жасанды ұрықтандыруға деген қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады. Біздің мамандарға тіпті шетелдіктер де жүгінеді», – дейді ол.